Су тасқыны: 596 жеке тұрғын үй мен 334 ауланың су астында қалу қаупі бар - ҚР ТЖМ
Төтенше жағдайлар министрлігі су тасқыны жағдайы туралы соңғы ақпараттарды жариялады. Министрлік тартқан дерек бойынша, 7 облыста 19 459 адам, оның ішінде 8 460 бала құтқарылып, қауіпсіз жерге көшірілген, деп хабарлайды jambylinfo.kz.
Төтенше жағдайлар министрлігінің хабарлауынша, қазір аэровизуалды тексеру және дрондарды пайдалану арқылы өзендер мен су қоймаларындағы су тасқыны жағдайына мониторинг жүргізіліп жатыр.
Қазіргі таңда Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарының елді мекендерінде су тасқынының салдарын жою, сондай-ақ су тасқынына қарсы іс-шаралар мен апаттық-құтқару жұмыстары, еріген қар суын бұру, инертті материалдар салынған қаптар төсеу, каналдарды, арық жүйелері жағаларын нығайту жұмыстары, құлақтандыру және адамдарды қауіпсіз жерлерге көшіру жалғасуда.
«Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарында 596 жеке тұрғын үй мен 334 ауланың су астында қалу қаупі бар. 1 143 үй мен 1 013 аула аумағынан еріген қар суы сорылды. 19 459 адам, оның ішінде 8 460 бала құтқарылып, қауіпсіз жерге көшірілді. 55 мың мал айдалды. Тікұшақпен 2 365 адам, оның ішінде 477 бала эвакуацияланды. Уақытша орналасу пункттерінде 4 037 адам, оның ішінде 1 712 бала бар. 6,6 млн м3 (өткен тәулікте 0,43 мың м3) еріген қар суы сорылды. 785 мың қап (өткен тәулікте 57 мың) пен 946 мың тонна инертті материал (өткен тәулікте 4,5 мың тонна) төселді. «Жедел желі» телефонына 835 қоңырау түсті, – делінген хабарламада.