Суармалы жерлердің көлемі артуда
Суармалы жерлердің көлемі артуда
Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Берік Нығмашевтың төрағалығымен жиын өтіп, онда «Талас-Аса» су шаруашылығы кәсіпорынының өткен жылы атқарған жұмысы мен алдағы жоспары тыңдалды. Жиын барысында «Талас-Аса» су шаруашылығы кәсіпорнының басшысы Досжан Тоқбергенов өткен жылы облыста 2 су қоймасына ағымдағы жөндеу және 32 каналға механикалық тазалау жұмысы жүргізіліп, 11 294 гектар суармалы жер қалпына келтірілгенін атап өтті. Өткен жылы «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы арқылы Талас ауданында - 8 адам, Байзақ ауданында - 6 адам және Жамбыл ауданында - 2 адам уақытша жұмыспен қамтылған. Сонымен бірге Жамбыл ауданындағы «Қызылдихан» өндірістік кооперативінің тапсырысымен облыстағы «Қарасу» су қоймасын тазалау нәтижесінде суармалы жер көлемі 40 гектардан 400 гектарға артқан. Жалпы аталған кәсіпорын биылғы жылы да механикалық жасақ арқылы 6 аудандағы ұзындығы 225,4 шақырымды құрайтын 51 каналды тазалап, соның нәтижесінде 8 297 гектар суармалы алқапты қалпына келтіруді жоспарлап отыр.
Фарида СЕЙІЛХАНҚЫЗЫ