Жаңалықтар

Сырғытпа жауап қажет емес

Сырғытпа жауап қажет емес

Аймақтағы эпизоотиялық жағдай қалай? Бұл туралы аймақ басшысы Б.Сапарбаевтың төрағалығымен өткен жиында талқыланды. Облыстық ветеринария басқармасының басшысы Ербол Жиенқұловтың хабарлауынша, мал ауруы бойынша ахуал тұрақты. Жоспар бойынша барлық ауданда эпизоотияға қарсы шаралар жүргізілуде. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің өңірлік инспекциясының басшысы Жандар Көкеев облыс бойынша 234391 бас ірі қара және 1154816 бас ұсақ мал тексерілгенін айтты. Төрт айдың ішінде 11 тұрғын бруцеллез жұқтырған. Ветеринария басқармасының басшысы облыстық мәслихаттың шешімімен өткен жылдың желтоқсан айында иттер мен мысықтарды асырау және серуендету, қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау қағидалары қабылданғандығын, Тараз қаласында үш бригада және 10 аудандық бригада қаңғыбас ит-мысықтарды аулаумен айналысатындығын айтты. «Тұрғындар әлеуметтік желілерде қаңғыбас жануарларды ұстау мәселесі шешілмей отырғанына жиі шағымдануда. Неге ол бойынша тиісті ведомство шара қолданбай отыр?» - деп сұрады облыс әкімі. Ербол Жиенқұлов қаңғыбас ит-мысықтарды ұстауға арналған үй-жай салуға қаржы қарастырылмағандықтан бірқатар қиындықтар туындап отырғанын тілге тиек етті. Материалдық-техникалық базаның әлсіздігін, құрал-жабдықтардың ескіргендігін, ауылдық округтердің барлығы бірдей ветеринариялық пункттермен қамтылмағандығын айтты.   Облыс басшысы аудан әкімдеріне бұл мәселелерді шешуді талап етті. Кейбір ауылдарда мал сою алаңдарының жағдайы нашар екендігі де сөз болды. «Маған «кемшіліктерді жоямыз» деген сырғытпа жауап қажет емес. Талқыланған бүкіл мәселе міндетті түрде шешімін табуы тиіс. Ветеринарлық қызмет – жергілікті атқарушы органдар жұмысының аса маңызды бағыттарының бірі екенін естен шығармаңыздар. Оның адам денсаулығы, ауылдардың экономикалық әл-ауқатына әсерін ескеру маңызды», - деп түйіндеді Бердібек Сапарбаев.