Жаңалықтар

Тәуелсіздік күні қарсаңында Таласта бірқатар әлеуметтік нысандар ел игілігіне берілді

Таластықтардың қуанышында шек жоқ

Талас ауданы, Тұрымқұл ауылында таза ауыз сумен қамту жүйесі іске қосылып, өз жұмысын бастаса, Ойық ауылында 400 орындық жаңа дене шынықтыру спорт кешені ашылды, хабарлайды Jambylinfo.kz.  

Салтанатты жиынға аудан әкімі Нұрбол Жүнісмбеков қатысып, тұрғындарды қуанышымен құттықтады

Осылайша 200 жүзден астам тұрғыны бар елді мекен жұртшылығы көптен күткен қуаныштарына қол жеткізді. Арнайы лента қию рәсімінен соң аудан әкімі тұрғындардың үйін аралап, жемісті жүзеге асқан жобаның жайына қанық болды. Өз кезегінде ілкімді жобаның игілігін көрген ауыл тұрғындары да ізгі лебізін білдірді.

          Айта кетейік, биылғы жылы бұл бағытта 21,5 миллиард теңгеге өңірде 68 жоба іске асырылуда. Бүгінгі күні ауыз сумен қамтамасыз ету көрсеткіші қалаларда 97,5 пайызға,  ауылдық елді мекендерде 96,7 пайызға жетіп отыр. Жыл соңына дейін 37 ауылдық елді мекен ауыз сумен қамтамасыз етіліп, сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету деңгейін 98,1 пайызға дейін жеткізу көзделуде.

Бұдан бөлек, осы күні Ойық ауылында 400 орындық жаңа дене шынықтыру спорт кешені ашылды. Орталықтандырылған жарық жүйесі мен автономды қазандық түріндегі жылу жүйесіне қосылған спорт кешенінде үлкен зал, күрес және тренажер залдары мен жұмыс кабинеттері бар. Мұнда жасөспірімдер футбол, қазақ күресі, дзюдо мен шахмат секілді спорт түрлерімен айналыса алады.