Жаңалықтар

«Таразға тарту» жобасы аясында тағы 6 нысан ел игілігіне берілді

«Таразға тарту» жобасы аясында тағы 6 нысан ел игілігіне берілді

Елорда күні «Таразға тарту» жобасы аясында тағы 6 нысан ел игілігіне берілді. Жұмыс барысы мен нәтижесін аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев шаһарды аралау барысында өз көзімен көріп қайтты. Басталғанына аз уақыт болса да, жоба ауыз толтырып айтарлықтай жақсы нәтиже беруде. Бастама аясында 42 нысан пайдалануға беріледі, бүгінде оның 22-cі абаттандырылған. Б. Машбекұлы алдымен Тәуке хан көшесіндегі «Спорт қалашығы» және дренаж каналын абаттандыру жұмысымен танысты. Жауапты – Энергетика және коммуналдық шаруашылық, автомобиль жолдары және жолаушылар көлігі басқармалары. Айша бибі көшесіндегі «Спорт қалашығы» да құрылыс,  мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармаларының «Таразға тартуы». «Спорт қалашығында» «street workout» алаңшасы, 8 жасқа дейінгі балаларға арналған ойын алаңшасы және әткеншек, үстел теннисі орнатылған. Сонымен қатар көшенің басынан Айша бибіге арналған ескерткіштің ашылу рәсімі өтті. Жауаптылардың айтуынша, ұзыннан ұзақ жалғасып жатқан қос қалашықтың жалпы ұзындығы 2 шақырымды құрайды. Өңір басшысы әл-Фараби көшесіндегі №7, 25, 26, 27 үйлердің ауласындағы скверлерді аралап, «Қарасу» шағын ауданындағы қарқынды жұмыспен танысты. №7, 8 үйлердің маңын, су жаңа футбол алаңын көріп, ондағы тұрғындармен жүздесті. Жоба аясында облыстық спорт басқармасының мұрындық болуымен «Қарасу»  каналының жағалауы абаттандырылған. Жылдар бойы қамыс басып жатқан шипалы Әулие бұлақтың көзі аршылған. Бұлақ басы тау тасымен қоршалып, үсті қазақи нақышпен өрнектеліп жабылған. Орындықтар, жарық шамдары, қоқыс жәшіктері, жаяу жүргінші жолдары, газон да бар. Ең негізгісі, жүргінші көпір толық күрделі жөндеуден өткен. Қазіргі таңда каналдың жағалауын абаттандыру жұмыстары толық аяқталды. -«Қарасу» ықшамауданында тұрып жатқаныма ондаған жыл болды. Ауданымызда бұрын-соңды мұндай қарқынды жұмыс істелмеген. Ұзақ жылдар бойы қараусыз жатқан, қаңғыбастардың мекеніне айналған «Қарасу» каналының айналасы абаттандырылып, жайлы демалыс орнына айналды. Шағын футбол алаңшасы да салынды. Кешкілік балаларымыз алаңшада доп ойнаса, аллеяда, канал бойында ықшамаудан тұрғындары сейіл құрып жүреді. Осылайша «Қарасу» бір жылға жетер-жетпес уақытта адам танымастай өзгерді. Игі істің басы-қасында жүрген барлық жауапты азаматтарға айтар алғысымыз шексіз, – деп ақжарма тілегін жеткізді ықшамаудан тұрғыны Айткүл Қосарова. Фарида Сейілханқызы.