Жаңалықтар

ТАРАЗ ҚАЛАСЫ «АЛАТАУ» және «ҚАРАТАУ» АТТЫ 2 ӘКІМШІЛІК АУДАНҒА БӨЛІНЕДІ

ТАРАЗ ҚАЛАСЫ «АЛАТАУ» және «ҚАРАТАУ» АТТЫ 2 ӘКІМШІЛІК АУДАНҒА БӨЛІНЕДІ

Осыдан бірнеше ай бұрын «Тараз қаласы екі әкімшілік ауданға бөлінеді» деген ақпарат жарияланғаннан ел ішінде айтыс-тартыс біршама уақыт басылмай тұрып алды. «Даудың басы – Дайрабайдың көк сиыры» демекші, жаңадан құрылатын екі ауданға қандай атау берілетіні әлеуметтік желіде қызу талқыланып, қоғам белсенділері тарапынан түрлі ұсыныстар айтылды. Тіпті Тараз қаласы әкімдігінің «Instagram» әлеуметтік желісіндегі парақшасында сауалнама ұйымдастырылып, желі қолданушылары тарапынан жүздеген ұсыныс түсіпті. Сауалнамаға қатысқандардың басым көпшілігі жаңадан құрылатын екі ауданға «Қарахан», «Айша бибі», «Әулиеата», «Тектұрмас», «Шахристан», «Аса», «Талас», «Алатау» «Қаратау», «Бәйдібек», «Тұран» атауын бергенді жөн көретінін жазған болатын. Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтің қатысуымен арнайы жиын да өтіп, арнайы құрылған жұмыс тобының мүшелері екі әкімшілік-аумақтық бірлікке атау беру бойынша пікір алмасты. Сонда басқосуда сөз алған шаһар басшысы екі ауданға ат беруде тұрғындардың ұсынысы ескеріліп, жан-жақты талқыланып, шешім қабылданатынын айтты. Ақыры не керек, көптен күткен күн де келіп жетіп, атау мәселесіне нүкте қойылды. Бүгін «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы Заңының 13 бабы бойынша, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің «Әкімшілік-аумақтық бірліктерге, елді мекендердің құрамдас бөліктеріне атау беру, оларды қайта атау, сондай-ақ олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту кезінде тиісті аумақ халқының пікірін ескеру қағидаларын бекіту туралы» 2023 жылғы 1 тамыздағы №211 бұйрығының нормаларына сәйкес және Тараз қаласы әкімі тарапынан келіп түскен, яғни «Тараз қаласындағы екі әкімшілік-аумақтық бірлікке атау беру туралы» ұсыныстың негізінде көпшілік тыңдауы ұйымдастырылды. Жиынға жұмыс тобының жетекшісі Марат Жұманкұлов төрағалық етті. Басқосуға Тараз қаласы әкімінің орынбасарлары, әкімдіктің бөлім басшылары, бас инспекторлары, облыс әкімдігі тілдерді дамыту басқармасының басшысы, қалалық мәслихат депутаттары, зиялы қауым өкілдері және қала тұрғындары қатысты. Күн тәртібіндегі мәселе, яғни Тараз қаласындағы екі әкімшілік-аумақтық бірлікке атау беру туралы қала әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Бақыт Тоқсанбаева баяндама жасады. Бақыт Тілегенқызы қала әкімінің тапсырмасына сәйкес ұсыныс-пікірлер жұмыс тобының отырысында жан-жақты талқыланғанын айта келіп, екі ауданға «Алатау» және «Қаратау» атауын беру туралы ұсынысын ортаға салды. Ұсыныстар, пікірлер талқыланып, бірауыздан қолдау тапты Айта кетейік, осыған байланысты алдағы уақытта Тараз қаласындағы «Алатау» (8), «Қаратау» (2) ықшамаудандарының атауы ауысатын болады.

Талғат Нұрханов