Жаңалықтар

Таразда алғашқы Жайлы мектеп ашылды

«Бәйтерек» мөлтек ауданынан бой көтерген бұл мектеп 1200 орынға шақталған

Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасымен Тараз қаласында заманауи үлгіде жабдықталған білім ордасы ашылды. Оған облыс әкімі Ербол Қарашөкеев қатысып, ізгі ниетін жеткізді. Jambylinfo.kz.

Облыс әкімі жаңа мектепке медиа орталықтың сертификатын сыйлады. Енді мектептің өз медиа орталығында жаңалық тарататын жас тілшілер тәрбиеленбек.

Айта кетейік, жаңа мектептің пайдалануға берілуі «Бәйтерек» мөлтек ауданында орналасқан №3 мектеп-лицейдегі үш ауысымдық мәселесін шешті. Бүгінгі күнге 1485 оқушы қабылданды, оның ішінде 1051 оқушы №3 мектеп-лицейден ауысқан. Еліміздің Білім және ғылым министрлігінің №57 бұйрығының 136-тармағының негізінде №3 мектеп-лицейден 45 педагог ауысу тәртібімен жұмысқа қабылданды. Сонымен қатар, конкурстық негізде де қабылданған мұғалімдер бар. Мектеп екі ауысымда жұмыс істейді.

Жаңа мектептің құрылысын «Samruk-kazyna construction» акционерлік қоғамының үйлестіруімен жүргізген «Integra Construction KZ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас диреткоры Данияр Рахимтаев №66 мектеп директоры Фарида Шортанбековаға мектеп кілтін табыстады. Жаңа нысанның лентасын облыс әкімі Ербол Қарашөкеев пен ардагер мұғалім Тұрыс Жүнісов қиып, игі істің бастамасына орай ақсақалдар бата берді. Салтанатты рәсімнен соң жақсы іске жиналған меймандар мектеп ғимаратымен танысты. Ғимаратта 165 орынға арналған мәжіліс залы, 59 оқу бөлмелері, 296 орындық асхана, 2 спорт зал, 2 лингафон кабинеті, 3 зертхана, 30 орындық оқу залымен қамтылған 1 кітапхана, 2 компьютер кабинеті, 3 шеберхана, робототехника, 10 коворкинг орталығы бар.

«Жайлы мектеп» жобасы аясында Тараз қаласында тағы 3 мектептің құрылысы жүргізілуде. Оның бірі 600 оқушыға арналып, «Шөлдала» алқабында салынып жатыр. Қалған екеуі «Ұлы дала» ықшам ауданында тұрғызылуда, оның біреуі 1200, екіншісі 2000 орындық. Ал, кеше пайдалануға берілген Жайлы мектептің келісім шарт құны 6 миллиард 57 миллион теңгені құраған.