Жаңалықтар

Таразда «Балалардың қауіпсіздігі – ұрпақ болашағының кепілі!» атты ll форум өтті

Форумға облыс әкімі Ербол Қарашөкеев қатысты

Облыс әкімдігі мен прокуратураның бірлескен ұйымдастыруымен Оқушылар сарайында «Балалардың қауіпсіздігі – ұрпақ болашағының кепілі!» атты ll форум өтті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz.

 Форумға облыс әкімі Ербол Қарашөкеев, облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров, Қазақстан Республикасындағы бала құқықтары жөніндегі уәкілі Динара Закиева (онланй форматта), полиция қызметкерлері мен жасөспірім тәрбиесімен айналысып жүрген тәлімгерлер қатысты.  

Жиынды облыс әкімі Ербол Қарашөкеев ашып, сөз сөйледі.


Одан кейін сөз алған облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров балалар құқығын қорғау, алдын алу бағытында ұйымдастырылып отырған жұмыстардың барысына тоқталды. Прокурор білім ошақтарында мектеп психологтарының жұмысының тиімділігін арттыру туралы сөз қозғады. 
Психологтарға мектеп басшылығы тарапынан артылған жүктемені азайтып, тек балалармен жұмыс істеп, сауалнама жүргізіп, қылмыстың алдын алу мен суициттің алдын алу бойынша жұмысты жандандыру керектігін жүктеді. 

Жиынға онлайн қатысып отырған Қазақстан Республикасындағы бала құқықтары жөніндегі уәкілі Динара Закиева «Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің қажетті іс-шараларын жүргізу туралы» тақырып аясында баяндама жасады. Ол өз баяндамасында психологтардың жұмысына кеңірек тоқталып, олардың балалармен, ата-аналармен жұмысын жандандыра түсу керектігін сөз етті. жасөспірімдер арасында сауалнамалар жүргізгенде неге мән керу керектігін айтып, жақсы кеңестер беріп, тәжірибесімен бөлісті. 

Ал облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров «Кәмелетке толмағандардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау және қалпына келтіруде атқарған жұмыстар туралы» хабарлама жасады. Оның айтуынша, облыста қолға алынған «Бестерек» жобасы аясында сары және қызыл тәуекел тобына енгізілген 531 оқушымен арнайы жұмыстар жүргізілген. Бұдан бөлек, облысыта «Қауіпсіз балалық шақ», «Komek Stop Bullying» жобалары өткен жылдан бері іске асырылып келеді. Ақпараттық жүйенің QR кодтары облыстағы 447 мектепке және 20 мемлекеттік колледждерге орнатылған.
«Komek Stop Bullying Jambyl» телеграм каналына жыл басынан бері түскен 428 хабарлама бойынша жедел алдын алу шаралары қабылданған. Нәтижесінде, 49 оқушы мектепішілік есепке алынып, ата-аналарына ескертілді, жалпы 115 құқық бұзушылық әрекеттерінің жолы кесілген. 
 

Жиын қорытындысында облыс әкімі Ербол Қарашөкеев қылмысты жасырып жабуды қою керектігін атап өтті. Сондай-ақ жасөспірімдер қылмысының алдын алу мен зорлық-зомбылыққа жол бермеу мақсатында жасанды интелекті арқылы олардың алған сауалнамаларын бақылап отыратын тәуелсіз ақпараттық жүйесі құрылса, осы бойынша тиісті басқармалар жұмыс істесе деген ұсыныс айтты. Ал облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров полиция департаменті мен білім басқармасына жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алу бойынша бақылауды күшейтуді тапсырды. Осыдан кейін «Бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкілімен ынтымақтастықты ұлғайту» туралы меморандумға қол қойылды.