Таразда халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күніне арналған жастар форумы өтті
Жиынға облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов қатысты
Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күніне арналған «Адал жастар – парасатты қоғам кепілі» форумы өтті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Жастар жиылған форумда Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Серік Сәлемов сөз сөйлеп, адалдық ұғымының мағынасы терең, қоғамға ең керек қасиет екенін атап өтті.
Биыл өңірде сыбайлас жемқорлыққа қарсы 200-ден аса іс-шаралар мен кездесулер өткізілген. Бұл туралы жиында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департамент басшысының бірінші орынбасары Дәурен Омаров айтты. Оның сөзінше, жемқорлықпен күрес мәселесі күн тәртібіндегі маңызды проблеманың бірі. Сол үшін бұл бойынша атқарылатын жұмыс аз емес.
Сонымен қатар Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтының ректоры Махметғали Сарыбеков студенттер арасында жүргізіліп жатқан жұмыстарға тоқталды.
Жастар форумында «Адалдық сағаты» акциясы аясында әзірленген «Тау тұлғалы Тұрар» бейнедәрісі көрсетілді. Сондай-ақ Тараз қаласы №39 мектеп-гимназиясының «Адал ұрпақ» клубы «Заң бәріне ортақ» сахналық қойылымын қойып, Жамбыл жоғары медициналық колледжінің студенті Смайл Бақтияр «Жемқорлық жетер түбімізге» атты шығармасын оқыды. «Жас шерханшылар» клубының «Ақиқаттың алдаспаны» композициясы да көрініс тапты.
Жиын соңында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастыруға үлес қосқан қоғам белсенділерін марапаттау рәсімі өтті.