Жаңалықтар

Таразда күрделі жөндеуден өткен баспана 4 айға жетпей бүлініп жатыр

Аталған нысан "Тұрғын үйлерді қайта жаңғырту" жобасы бойынша 100 миллион теңгеге жуық қаржы бөлінген

 Таразда 100 миллион теңгеге жуық қаржы бөлініп, күрделі жөндеуден өткен баспана 4 айға жетпей бүлініп жатыр. Аталған нысан "Тұрғын үйлерді қайта жаңғырту" жобасы бойынша жөнделген, деп хабарлайды Jambylinfo.kz  almaty.tv сілтеме жасап.

Бұл – Төңкеріс алқабындағы 4 ай бұрын ғана жөнделген 4 қабатты үй. 64 пәтердің иесі қар мен жауын жауса үрейленетін жағдайға жеткен. Себебі мердігер жапқан жаңа шатыр жаңбырдан қорғамайды. Төбеден су өткен соң, қабырғалар дымқылданып, жиһаз бүлінеді. Жұрт әкімдік тарапынан тиісті бақылау болмағанын айтты.

"5 баланың, немеремнің аузынан жырып, ай сайын 10 мың төлейді. "Жөндеу жұмысына мұқият бол, төбеден қар түседі" деп айттым, бәрі қалды", – деді қала тұрғыны Нарбүбі Төлбаева.

"Облыс, қала әкімін шақырайық. Келіп көрсін. Қирап тұрған үйді дұрыстап жөндесең, әп-әдемі болып шығады ғой", – деді қала тұрғыны Роза Нысанбаева.

Тұрғын үйдің іргетасы 55 жыл бұрын қаланған. Содан бері мүлде жөндеу көрмеген. Ал әкімдік көптен күткен жаңғырту жұмысына былтыр күзде қаржы бөлген. Күннің жылынуын күтпеген мердігер жайсыз ауа райына қарамай, құрылыс жұмыстарына кірісіпті. Нәтижесінде қабырға бояуы түсіп, құбырлардан су сорғалап тұр. Ал жұмсалған қаржыны тұрғындар 15 жыл бойы төлеуі тиіс.

"Төрт ай болды, ағып жатыр. Бұл – 15 жыл емес, 1 жылға да жарамады. "Шатыр желде ұшып кете ме?" деп қорқасың", – деді қала тұрғыны Айна Дүйсенбаева.

Жергілікті билік өкілдері бүлінген үйді тексерген. Шын мәнінде шатырдың 4-5 тұсының дым тартқанын анықтаған. Оны құрылыс компаниясы жөндейді. Сонымен қоса күрделі жөндеу кезінде де жұмыстың реті сақталмағаны белгілі болды. Сондықтан әкімдік өкілдері кеткен кемшіліктің бәрін ретке келтіруді мердігерге кепілдік аясында міндеттеп отыр.

"Жұмысты тиесті кестеге сәйкес жүргізбеген. Жауын-шашын кезінде жертөледе, ал ашық күні шатырды ашып, жабу керек еді.  Мердігер өз тарапынан қалпына келтіреді", – деді қала әкімінің орынбасары Нұрсұлтан Исабеков.

Былтыр шаһарда тозығы жеткен 53 үй күрделі жөндеуден өтті. Жауаптылар 13 баспанада түрлі ақау болғанын растап отыр. Тұрғын үйлерді жаңғырту жұмыстары биыл да жалғаспақ. 70 баспана күрделі жөндеуден өтеді. Таразда 1400 көппәтерлі үй болса, оның 500-ден астамы жөндеуді қажет етеді.