Жаңалықтар

Таразда қоқыс алаңдарын бетон бағаналармен қоршау жұмыстары басталды

Пилоттық жоба негізінде биыл жалпы саны 20 қоқыс алаңын жаңғырту жоспарланған

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Тараз қаласының аумағын аралау барысында қоқыс алаңдарын бетон бағаналармен қоршау мәселесіне  баса назар аударып, атқарушы билікке нақты тапсырма жүктеген болатын. Соған байланысты қала әкімдігі тарапынан арнайы пилоттық жоба қолға алынған, Jambylinfo.kz. деп хабарлайды

Тараз қаласы әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, аталған жоба аясында мердігер «Құрылыс-2015» ЖШС-мен келісім-шарт жасалып, қоқыс алаңдарын бетон бағаналармен қоршау жұмыстары басталған.

Айта кетейік, қазір шаһардағы 328 қоқыс алаңында 1 540 контейнер орналасқан. Егер пилоттық жоба жыл аяғына дейін өз тиімділігін көрсетсе, келер жылы тағы 200 қоқыс алаңын жаңалап, бюджет есебінен қосымша 1 000-нан аса контейнер сатып алу көзделіп отыр. Бұл өз кезегінде қала тазалығын сақтап қана қоймай, қоқыс салатын жәшіктерді көбейтіп, оны таситын көліктердің емін-еркін қатынауына да мүмкіндік бермек.