Таразда «Ордабасы – көне заманнан бүгінге дейін» атты жылжымалы көрмесі ашылды
Көрмені тараздықтар 3 -17 желтоқсан аралығында тамашалай алады
Жамбыл облысының 85 жылдық мерейтойына орай «Ордабасы» ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының ұйымдастыруымен «Ордабасы – көне заманнан бүгінге дейін» атты жылжымалы көрмесінің ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz.
Көрмеде тамырын тереңге жайған қасиетті Ордабасы өңірінің ескерткіштері, музей қорындағы 100-ге жуық көне тас дәуірінен бастап, ерте қола дәуірі, Сақ, Қаңлы, Түргеш, Қарахан дәуірінің құнды жәдігерлері ұсынылған.
Атап айтқанда, Қазақстан аумағынан сирек табылатын ерте және кейінгі қола дәуіріне жататын ғұрыптық заттар мен соғыс құралы, ерте темір дәуірінің қанжары мен жебе ұштары, Б.з.д. II – б.з IV ғғ. Орталық Еуразия мен ТМД елдерінің кеңістігінде баламасы жоқ қыш тақтайшаларға жазылған көне жазулар. Б.з.д. II – б.з IV ғғ. сүйектен жасалынып бетіне сурет салынған құрама садақ қаптамалары мен жебе ұштары, Түркі кезеңінің жебе ұштары мен XI – XII ғғ. қола шырағдандар, Түргеш, Әмір - Темір, Бабыр және Отырар ақша сарайында соғылған тиындар және т.б. бар.
Көрмеде келушілерге Қазақ хандығы тұсында ұлт тағдыры шешілген Ордабасыдағы үш жүздің басын қосқан ұлы жиын туралы ақпарат беріліп, Тәуелсіздік жылдарындағы Ордабасы тарихы туралы фотосуреттерге шолу жасалынды.
«Ордабасы – көне заманнан бүгінге дейін» атты жылжымалы көрмесінің мақсаты - Тараз жұртшылығын өңірдің көп ғасырлық тарихын, өткен буынның материалдық рухани өмірінің мұраларын таныстыру, музей ісін дәріптеу және өңірлер арасындағы және музейаралық мәдени байланыстарды нығайту", - дейді ұйымдастырушылар.