Жаңалықтар

Таразда спорт күні кең көлемде аталып өтілді

12-17 тамыз күндері Тараз қаласы бойынша спорттық апталық өтіп, оған 1000-нан астам адам қатысты

Бүгін спорт күніне орай «Құмшағал» алқабындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде спорттық іс-шаралардың жеңімпаздары мен жүлдегерлерін және сала үздіктерін марапаттау рәсімі өтті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz.

Тараз қаласы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, салтанатты шараға Тараз қаласы әкімінің орынбасары Қайрат Исмаил қатысып, ізгі тілегін жеткізді.

– Ұлт денсаулығы және бұқаралық спортты дамыту – мемлекеттік саясаттың маңызды басымдықтарының бірі. Сондықтан бүгінгі күні Тараз қаласында салауатты өмір салтын насихаттау, қала тұрғындары үшін спорт ғимараттарының қолжетімділігін қамтамасыз ету бойынша мақсатты жұмыстар жүргізілуде, барлық жастағы және санаттағы азаматтар арасында салалық спартакиадалар мен спорт түрлері бойынша жарыстар тұрақты ұйымдастырылып тұрады.
Бүгінде спорт саласында 1590 бейінді маман жұмыс істейді, облыс орталығының 174 мыңнан астам тұрғыны белсенді өмір салтын таңдады, бұл өңір халқының жалпы санының 40,5 пайызын құрайды. Сонымен қатар, 2024 жылы Тараз қаласында ойын спорт түрлерінен 4 заманауи спорт алаңы және 11 стрит воркаут салынды. Жыл соңына дейін қалалық бюджет қаражаты есебінен көпқабатты үйлердің аулаларында және «Химик», «Ветеран», «Бурыл», «Солнечный»-дағы тұрғын алқаптарында 9 жаңа кіші футбол алаңшасының құрылысын және сондай-ақ 14 спорт алаңшасының ағымдағы жөндеуін аяқтау жоспарлануда, – деген Қайрат Әбілханұлы сала үздіктеріне қала әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттарын табыстады.

Бұған қоса жасөспірімдер арасында өткен футзал мен волейбол жарыстарының да жеңімпаздары мен жүлдегерлері марапатталды.

 Мәселен, волейбол І орынды «IQ», ІІ орынды «Тараз», ІІІ орынды «Жамбыл» командалары еншілесе, футзал бәсекесінде І орын «Аль-Мансур», ІІ орын «№59 орта мектеп», ІІІ орын «Көлтоған» құрамаларына бұйырды.

Айта кетейік, жалпы, кәсіби мерекеге орай 12-17 тамыз күндері Тараз қаласы бойынша спорттық апталық өтіп, оған 1000-нан астам адам қамтылды. Айталық, апталық аясында жасөспірімдер, ардагерлер мен мүгедектігі бар азаматтар арасында баскетболдан, шахмат, дойбы, футзал, волейбол және асық атудан турнирлер ұйымдастырылды.