Жаңалықтар

Таразда «Тектұрмас» этно-тарихи кешенінің екінші кезеңі аяқталды

Таразда «Тектұрмас» этно-тарихи кешенінің екінші кезеңі аяқталды

Көне шаһар. Жаңа шырай. Шығыс шайырлары тамсана жырлаған Тараз қаласы күн санап гүлденіп келеді. Себебі, атқарылып жатқан жұмыстар ауқымды. Сол жұмыстардың жемісті нәтижелерінің бірі – «Тектұрмас» этно-тарихи кешені. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев нысанға арнайы барып, жұмыстармен танысты. Талас өзені арқылы өтетін көпірден кешеннің кереметін көруге келетін тұрғындардың қарасы қалың. Талас өзенінің бойын жағалай салынған «Көне қамал» келушілерге ерекше әсер сыйлайды. «Көне Тараз» этномәдени кешені, «Тектұрмас» этно-тарихи кешенінің жұмыстары 2018 жылдан бері бұрынғы өңір басшысы Асқар Исабекұлының бастамасымен басталған. Ол бірінші кезең болса, біз соны жалғастыра түстік. Мынау екінші кезеңі. Әрі қарай үшінші кезең бойынша да жоспарлы жұмыстар атқарылатын болады. Жібек жолының тарихы, тарихи шайқастар, өңірімізде туы тігілген Қазақ хандығы, тәуелсіздік жылдарындағы маңызды оқиғалар... Осының бәрін біз осы кешен арқылы қонақтарға таныта түспекпіз. Халықтың жаяу аралауы үшін жағдай жасалады. Ең негізгісі әрине, болашақ ұрпаққа тарихымызды жеткізуіміз керек. Осындай кешен арқылы да біз өткеніміз туралы олардың саналарына сіңіре аламыз,-деді Бердібек Сапарбаев. Этно-тарихи кешендегі «Көне Тараз» нысанындағы жағалаудың ұзындығы 1423 метрді құрайды. Ал  қорғанның ұзындығы 220 метр. Нысанға кірген кездегі оң жақ қабырғасы жасанды тастармен көмкеріліп, көне түркі жазулары, петроглифтер салынған. Нысанның кіре берісінен жағалаудың соңына дейін сан түрлі түстегі самаладай жарқырайтын шамдармен көмкерілген 86 аралық ағаш баспалдақ орналасқан.