Таразда ыстық мырыштау цехы іске қосылады
Бұл кезеңдегі инвестиция көлемі 20 млн. АҚШ долларын құрайды
Бұл туралы Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің «КазПроТемір» жобасының жетекшісі Шавкат Махмудовпен кездесуінде белгілі болды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz.
Жиынға Өзбекстан және Қытай елдерінің компания өкілдері қатысты.
Тараптар «Тараз» индустриялық аймағында металлургия зауытын салу инвестициялық жобасын іске асыруды талқылады. Жоба 4 кезең бойынша 2028 жылға дейін жүзеге асырылады.
Металлургия зауыты қара металдардан болат дайындамалар шығарады.
Басқосуда ыстық мырыштау цехының құрылысына қатысты мәселеге баса назар аударылды. Бұл кезеңдегі инвестиция көлемі 20 млн. АҚШ долларын құрайды.
Бірегей өндіріс ошағы жаңа өткізу нарықтарын ашуға, өндірісті оқшаулауға, өңірдің экспорттық әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.
Цехта әзірленетін өнім өнеркәсіп, құрылыс салаларында сұранысқа ие құрылымдық материалдың бірі.
Облыс әкімі нәтижелі әрі ұзақ мерзімді ынтымақтастық үшін барлық мүмкіндіктер қарастырылып, инвесторға жан-жақты қолдау көрсетілетініне сенім білдірді.