Тараздықтар Көрісу күнін атап өтті

Бүгін Тараз қаласындағы Қайрат Рысқұлбеков атындағы саябақта Көрісу күніне орай кең көлемде мәдени-көпшілік іс-шара өтті
Шараға облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов, қала әкімі Бақытжан Орынбеков, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев, Тараз қалалық мәслихатының төрағасы Кенжебек Олжабай, зиялы қауым өкілдері, ардагерлер және қала тұрғындары қатысты, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Мерекелік кештің шымылдығы арнайы қойылыммен түріліп, актерлер қазақ халқының қонақжайлылығы мен татулығын бейнелейтін көрініс көрсетті.
Іс-шара аясында арнайы концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, жергілікті өнерпаздар халық әндері мен күйлерін орындады. Сонымен қатар, дәстүрлі ұлттық ойындар – арқан тарту, асық ату, қол күресі сынды жарыстар өткізіліп, жеңімпаздарға сый-сияпаттар табысталды.
Сондай-ақ, арнайы көрме ұйымдастырылып, онда жергілікті суретшілердің туындылары мен қолөнер шеберлерінің бұйымдары жұрт назарына ұсынылды.
Жиын барысында жиналған жұртқа ақсақалдардың бірі ақ батасын беріп, елдің тыныштығы мен бірлігін тіледі. Осындай дәстүрлі мерекелер ұлттың рухани құндылықтарын жаңғыртып, халықтың ынтымағын нығайтуға өз үлесін қосады. Тараз тұрғындары Көрісу күнін ерекше ықыласпен атап өтіп, бір-біріне жылы лебіздері мен ізгі тілектерін арнады.
Салтанатты жиын соңында келген қонақтарға ыстық бауырсақ ұсынылып, тағы да тәттіден шашу шашылды.