Тәуелсіздіктің тағылымды тамашасы

0

Азаттықтың құсы аспанымызда қалықтағанына 30 жыл. Тәубе,  тәй-тәй басқан тәуелсіздік орда бұзар жасқа келіп еркіндіктің самалын еркін құшып жүрміз. Әрбір отандастың жүрегінде бостандық ұраны бұлқынып жатыр. Бұл мемлекетіміздің ұлы өткелдерді еңсеріп, әрбір салада өзінің қолтаңбасын қалдырғанын айғақтайтындай. Оған «Тәуелсіздік көкжиегі» атты көрме тағы бір дәлел.

Қазақстанның бейнелеу өне­рін әлемге насихаттап жүрген елі­міздің әр аймағындағы танымал суретшілердің шығармашылығын дәріптеуді көздеген тағылымды шара онлайн және офлайн форматта өтті. Халықаралық көрмелер мен симпозиумдарда еліміздің атын асқақтатып, бейнелер өнері саласында биіктерді бағындырып жүрген 30 қылқалам шеберінің еңбегі оқырманды елең еткізді. Салтанатты шараның біз де куәсі болдық.

Нұр-Сұлтан қаласы Сурет­шілер одағының төрағасы Өмір­әлі Исмаилов көрменің ашылу салтанатында суретшілердің қыл­қаламынан шыққан небір ғажап туындыларды тамашалауға шақырды.

«Бүгін Қазақстан Республи­касының Мемлекеттік рәміздері күнімен тұспа-тұс келген «Тә­уелсіздік көкжиегі» атты көрменің ашылуы өтуде. Бұл – суретшілер үшін айтулы күн. Қазақстан Рес­публикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орайластырған бұл көрмеде сіздер бояу болмысын ұғуға ұмтылған қылқалам ше­берлерінің туындыларын тамаша­лайтын боласыздар. Елiмiзде осын­дай көрмелер көп бола бер­сiн»,  деді Ө.Исмаилов.

Көрмеге Мәдениет саласының үздіктері, Суретшілер одағының мүшелері, «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегерлері, халықаралық кипрлық «Күміс кілт» симпозиумының және басқа да көптеген марапаттың иегерлері, сонымен қатар шетелдік, бүкіл­одақтық, республикалық және об­лыстық көрмелердің суретшілері қатысты. Қосымша офлайн фор­матта өткеніне қарамастан, қыл­қа­ламнан қуат алған шығармашыл тұлғалардың дені келді. Олардың осындай игі шараны сағынғандығы көздерінен көрініп тұр.

Аталған көрмеде сурет­ші­лердің кескіндеме, графика және мүсін жанрындағы әртүрлі техникамен орындалған 60-тан астам туындылары экспозицияланып, қылқалам шеберлері өз шығармашылығында Қазақстан­ның тарихын, мәдениеті мен та­биғатын таныстырды.

Талантты суретшілердің жұ­мыстары көпшілік көңілінен шы­ғып, көрмеге келушілер рухани және эстетикалық жағынан марқайып, туындыларды жоғары бағалады.

Ең қызығы, көрме аясында «Тәуелсіз Қазақстан қоғамындағы суретшінің рөлі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Шара барысында Қазақ­стан­ның заманауи бейнелеу өне­рінің өзекті мәселелері тал­қыланып, шеберханалардың жұ­мысы сөз болды. Сонымен қатар бүгінде суретшілер өмірінде өзек­ті болып отырған қылқалам ше­бер­лерінің мәртебесін анықтау мә­селесі де көтерілді.

Шара барысында аймақтан келген суретшілер өзара пікір алмасып, осындай кездесу ұйым­дастыруға мұрындық болған музей ұжымына алғыстарын білдірді.

Еске сала кетейік, «Тәуелсіздік көкжиегі» атты сұлулық пен әсем­дікке толы көрмені өнерсүйер қауым 28 маусымға дейін тамашалай алады.

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.