Жаңалықтар

Темекі мен алкогольге тәуелді жас: себеп пен салдар

Соңғы жылдары темекі мен алкогольге қызығатын жасөспірімдердің саны күрт артып келеді.

Көптеген ата-ана мұны уақытша әдет немесе қызығушылық деп ойлағанымен, мамандар керісінше дабыл қағуда. Себебі жас организм үшін никотин мен алкогольдің әсері әлдеқайда зиянды және жылдам тәуелділік тудырады.

Мамандардың айтуынша, жастар арасында зиянды әдеттердің таралуына қатысты алдын алу шараларын күшейту – бүгінгі күннің өзекті міндеті.

Жамбыл облысындағы жасөспірімдерге арналған психологиялық орталықтың маманы, психолог Ажарлым Қадір соңғы екі жылда көмек сұрайтын балалардың жасы күрт төмендегенін айтады. Оның сөзінше, темекі мен алкогольге әуестену көбіне 13–15 жас аралығында басталып отыр.

Психологтың айтуынша, жасөспірімдер зиянды әдетке көбіне отбасындағы түсінбеушілік, ата-ананың назар жетіспеуі, әлеуметтік ортаның қысымы және интернеттегі жалған “еркіндік” түсінігінің салдарынан бой алдырады. Уақытында бақылауға алынбаған жағдайда бұл әдет мінездік өзгерістерге, психологиялық дағдарысқа және денсаулықтың бұзылуына әкеледі.

Маман 14 жастағы бір оқушының жағдайын мысалға келтірді. Бала ұзақ уақыт бойы үлгерімі төмендеп, сабаққа барғысы келмеген.

Ажарлым Қадірдің айтуынша, темекі мен алкогольге әуестіктің артуы – жай үрдіс емес, қоғам үшін қауіп төндіретін әлеуметтік құбылыс. Осыған байланысты ата-аналарға да, мектепке де, қоғамдық ұйымдарға да жауапкершілік жүктеліп отыр. Жасөспірімнің ішкі мәселесін тыңдау, оған қолдау көрсету, бос уақытын тиімді ұйымдастыру – тәуелділіктің алдын алудағы ең тиімді әдістердің бірі. Сонымен қатар, мектептерде және қоғамдық орындарда профилактикалық сабақтар мен тренингтер өткізу өте маңызды. Жастарды спортқа, шығармашылыққа және пайдалы хоббилерге тарту олардың бос уақытын дұрыс ұйымдастыруға көмектеседі. Ата-аналар мен мұғалімдер бірлесіп балалармен ашық сөйлесіп, оларды қиындықтарда қолдауы қажет. Қоғамдық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде зиянды әдеттердің қауіптілігі туралы хабарламаларды көбейту арқылы балалардың дұрыс таңдау жасауына ықпал етуге болады. Мұның бәрі жасөспірімдердің денсаулығын сақтауға және болашақта жауапты азамат болып өсуіне мүмкіндік береді.

Жастар – елдің болашағы. Сондықтан олардың денсаулығын қорғау және зиянды әдеттерден сақтау – барлығымыздың ортақ жауапкершілігіміз.