Жаңалықтар

Тіл – ұлтты ұйыстыратын ұлы күш

Ы.Дүкенұлы атындағы қалалық мәдениет үйінде Қазақстан халқының тілдері күні мерекесіне орай салтанатты жиын өтті.

Айшықты шараға Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков қатысып, жылы лебізін арнады.
– Бұл күннің әрбір қазақстандық үшін маңызы зор, тағылым терең. Себебі тіл – байланыс құралы ғана емес, ұлттық дүниетанымымыз. Аталған мереке азаматтарымыздың өз тіліне деген құрметін арттырады.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев атап өткендей, тіл – мемлекеттік саясаттың маңызды стратегиялық бағыттарының бірі. Сондықтан бұл күннің ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күнімен тұспа-тұс келуі мерекенің абыройын одан әрі асқақтата түседі. Тіл саясатының жүйелі жүргізілуінің арқасында оның қолданыс аясы жылдан-жылға кеңейіп келеді, – деген Бақытжан Әмірбекұлы бірқатар тіл жанашырына қала әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттарын табыстады. Солардың қатарында «Jambyl-Taraz» газетінің бас редакторы, әріптесіміз Саятхан Сатылғанов та бар.
Шара соңы өңір өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен түйінделді.