Тоқаев Қатардың ең қымбат сыйлығы - қылышқа ие болды
Осы күндері Қазақстан президенті Қатар мемлекетінде сапармен жүр
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қатар Мемлекетінің негізін қалаған шейх Джасим бен Мұхаммед бен Тәнидің қылышы табысталды,деп хабарлайды jambylinfo.kz.
Ақорда жазғандай, Мемлекеттің негізін қалаушы шейх Джасим бен Мұхаммед бен Тәнидің қылышы – Қатардың ең жоғары мемлекеттік символы. Оны монархтарға, ханзадаларға және мемлекеттер басшыларына Қатар Мемлекетіне және бүкіл адамзаттың дамуына қосқан үлесі үшін Әмірдің өзі табыстайды.
Бұл қылыш алғаш рет Сауд Арабиясының Королі Салман бен Абдулазиз Әл Саудқа бұйырған. Тоқаевтан басқа бұл мәртебелі сыйлық Оман Сұлтаны Хайсам бен Тарекке және Испания Королі VI Филиппке сыйға тартылған еді.
Айта кетейік, бұл символ – Қатар Мемлекетінің негізін қалаушы шейх Джасим бен Мұхаммед бен Тәни (1827-1913) ұстаған қылыштың дәлме-дәл көшірмесі. Қыны алтынмен (18 карат) апталған, екі жағы әшекейленген. Жүзі бағалы, тот баспайтын болаттан құйылған, ал сабы түйе сүйегінен жасалып, агатпен және турмалинмен қапталған.