Трамптың екінші президенттік кезеңі басталды
Дональд Трамп екінші рет АҚШ президенті қызметіне кірісіп, елдің жаңа бағытын жариялады
Дональд Трамп АҚШ-тың 47-ші президенті ретінде ант беріп, қызметіне кірісті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Оның вице-президенті Джей Ди Венс болды. Бұл Трамптың екінші президенттік мерзімі, ол бұған дейін 2017-2021 жылдары елдің 45-ші президенті болған.
Инаугурация кезінде Трамп Конституцияны қорғауға ант беріп, Американың жаңа дәуірін бастайтынын мәлімдеді. Ол Мексикамен шекара қауіпсіздігін күшейтіп, ұлттық гвардияны жіберетінін және гендерлік идеологияға тыйым салу, екі жынысты ғана мойындау сияқты тарихи жарлықтарға қол қоятынын айтты. Сонымен қатар, Трамп Панама каналын қайтару, Марсқа АҚШ туын тігу және ең қуатты әскер жасақтау жоспарын жариялады.
Трамп елдің экономикалық дамуына ерекше назар аударып, инфляцияны төмендету, мұнай мен газ өндірісін ұлғайту, өнеркәсіпті дамыту, салықты азайту және шетел тауарларына тарифті көтеру туралы уәде берді. Сондай-ақ, ол үкімет тиімділігін арттыру үшін жаңа министрлік құратынын мәлімдеді.
Капитолий сарайында өткен инаугурация рәсіміне бұрынғы президенттер Джо Байден, Барак Обама, Джордж Буш, Билл Клинтон және ірі бизнесмендер, соның ішінде Илон Маск пен Джефф Безос қатысты. Трамп бұл күнді "Америка азаттық алған күн" деп атады.
Бақытжан Бекболат