Қуатты әскер – ел қорғаны
Қуатты әскер – ел қорғаны. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің құрылғанына биыл – 32 жыл. Содан бері еліміздің әскері заман талабына сай дамып, жауынгерлердің біліктілігі артып, жалпы қорғаныс қуаты жан-жақты күшейтілді.
Ел іргесінің берік, шекара шебінің қауіпсіз болуына «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлеріне қарасты Жуалы ауданындағы 91678 әскери бөлімінің де қосып жатқан үлесі зор. Әскери бөлімнің құрамында арнайы мақсаттағы таулы-егерлік полк жасақталған. Аталған әскери құрылымның әскери қызметшілеріне таулы жерлерде қызмет атқаруға, оқу-жаттығу тапсырмаларын орындауға тек арнайы үйретілген аттар ғана көмектеседі. Олар әскери техника өте алмайтын шатқалды, таулы жерлерден жеке құрамды тасымалдайды. Сонымен қатар үйретілген аттар жеке құраммен қатар оқ-дәрі, қару-жарақ, тағы да басқа ауыр заттарды тасымалдауда үлкен рөл атқарады.Жалпы халқымыз атты ердің қанаты, батырдың жан серігі деп танып, ерекше қадір тұтқан. Батырлардың жан серігіне айналған қылқұйрықтылардың жорықтар мен қанды шайқастардағы аңызға бергісіз ерліктері туралы мысалдар тарихта жетіп артылады. Қобыланды батырдың Тайбурылындай, Ер Тарғынның Тарланындай ердің абыройын асыратын есті жылқылар әлі де бар. Мұндай жануарларды іздесеңіз тек осындай әскери бөлімдерден ғана табуға болады.
Садиер Дадаев бөлімшедегі жалғыз тәжік ұлтының өкілі ғана емес, ер-тоқым жөндейтін жалғыз маман. Мұндай сирек қызмет «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты тау күзетшілер полкінде ғана бар. Дадаевты бұл қызметке бекерден-бекер алған жоқ. Садиер полктің өзге бөлімшелерінде, атап айтқанда, тау күзеті, барлау, жүк тиеу және тасымалдау роталарында қызмет етіп жүрген шағында ер-тұрманды жөндеу қажет болғанда жауынгерлік салт аттыларға жиі көмекке келетін. Сөйтіп, ол алтын қолды шебер ретінде танылып, қазіргі қызметіне тағайындалды.– 91678 әскери бөліміне қарасты таулы-егерлік полкінде ат ауласы, дәлірек айтқанда, тұлпарларға күтім жасау орны былтыр қазан айында ашылды. Құрылысы жаз бойы жүргізіліп, қысқа мерзімде аяқталды. Жауынгерлік аттарға заманауи жылы қора салынып, пайдалануға берілгеніне ерекше қуандық. Жуалы ауданындағы шекаралық аймақтың 40-45 пайызы адам аяғы жете алмайтын таулы аймақтарда орналасқан. Сондықтан әскерлердің таулы жерлерге баруға мүмкіндігін жауынгерлік аттар ғана атқара алады. Сондықтан тұлпарларға күтім жасау орны ашылғанын өте орынды шешім деп білемін. Мұндай ат ауласы бізге өте қажет.
Тәжірибелі маман жас жауынгерлерге жылқыны күтіп-баптау бойынша кеңес беріп, асау аттарды қалай бас білдіруге болатынын үйретіп, тәсілдерімен бөліседі.
Садиердің жылқыға деген сүйіспеншілігі бала кезінен қалыптасқан.– Ефрейтор Дадаев біздің бөлімнің әскери қызметкерлері арасында құрметке ие. Әсіресе жас жауынгерлер еңбегін де, адамгершілік қасиетін де ерекше бағалайды.
Сөз соңында айта кетсек, таулы-егерлік полктің әр әскери қызметшісіне бір-бір аттан бекітілген. 91678 әскери бөлімінің құрамындағы арнайы мақсаттағы таулы-егерлік полкі бүгінгі күні Қазақстанның Қарулы Күштеріндегі осы бағыттағы жалғыз құрылым.