Ұлы ағартушыға бюст қойылды

0 6

Тәуелсіздіктің отыз жылдығы мен Ұстаздар күніне орай бас қаладағы №83 орта мектептің алдына ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсаринге ескерткіш-бюст қойылды.

 

Салтанатты іс-шараның ашылуында сөз алған Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Асхат Оралов ел тарихындағы айтулы тұл­ғаларды ұлықтау – біз­дің парызымыз дей келіп: «Бүгін біз саналы ғұмырын ағарту ісіне арнаған ұлы тұлғамыздың бюстін ашуға жиналып отырмыз. Бұл ағартушының 180 жылдық мерейтойына арналған айтулы шара деп санаймын. Алдағы таңда дәл осы №83 орта мектебіне Ыбы­­рай Ал­тынсариннің есі­мі бе­ріледі деп жоспарлап отыр­мыз» десе, ақын, Мем­ле­кеттік сыйлықтың лауреаты Несіпбек Айтұлы: «Бір Аллаға сиынып, кел балалар оқылық», деп жыр­лап, Торғай дала­сын­да алғаш рет қазақ мек­те­­бі­нің қоңырауын сың­ғыр­лат­қан Ыбырай ата­мыз­дың мүсінінің елорданың тө­рінен бой кө­теруі − қа­зақ үшін үлкен мақ­та­ныш!», деп толғанды.

Ал Л.Н.Гумилев атын­дағы Еуразия ұлттық университетінің ректо­ры Ерлан Сыдықов бүгін­де еліміз ұлы ұстаз арман­даған заманға қол жет­кіз­генін айтып, кейінгі жыл­дардағы білім саласында жүзеге асқан жемісті жұмыстарға тоқталды.

− Жақында ел Прези­денті Қасым-Жомарт Тоқаев 1000 мектеп салу бағ­­дар­ламасын алға қой­ды. Елордамызда таяу жылдары 50-ге тарта мектеп салынбақшы. Қазірдің өзін­де үш ауысымдағы мек­­тептер жоқ. Осының бәрі білім және ғылым са­ла­сында жүргізіліп жат­қан реформалардың арқа­сы деп білемін. Мұғалім­дердің мәртебесін көтеру бағытында да жаңаша ше­шімдер қабылданды. Ұс­таз болам деген студент­тердің шәкіртақысы көте­рілді. Міне, мұның бәрі пе­­дагогтердің дәрежесі мен абыройының көтерілуіне сеп­тігін тигізеді» деді бел­гілі ғалым.

Айта кетейік, бас қа­ланың төріне келіп орын тепкен Ыбырай Алтын­сарин бюстінің биіктігі, тұғырымен қоса алғанда төрт метрден асады. Туын­ды авторы – Нұрбол Қа­лиев

Leave A Reply

Your email address will not be published.