Ұстаз Әліппе мен Сауат ашу оқулықтарының басты айырмашылығын атады

0 39

Әліппенің қайтып оралатыны туралы жаңалық ата-аналармен қоса мектеп мұғалімдерін де қуантып қойды. Не дегенмен жылдар бойы үйреншікті болып кеткен оқулықпен қауышу көпшіліктің арманы еді. Қазақстандық педагог, елордалық №63 мектеп-гимназияның бастауыш сынып мұғалімі Марал Смағұлова биылғы бірінші сынып оқушыларының қайта Әліппе оқуына қатысты пікірімен бөлісіп, Әліппе мен Сауат ашу оқулықтарының айырмашылығы неде екенін түсіндіріп берді.

Марал Елтайқызының оқушыларды білім нәрімен сусындатып жүргеніне 23 жылға жуықтаған.

Менің еңбек өтілім — 23 жыл. Осы уақытқа дейін бұрынғы Әліппемен 17 жыл, сауат ашумен 5 жыл оқыттым, — дейді ұстаз.

 

Еңбек жолының басым бөлігін Әліппемен бірге өткерген ұстаз Әліппе мен Сауат ашу оқулықтарының қандай айырмашылығы бар екенін айтып берді.

Әрине, Әліппе мен Сауат ашудың айырмашылығы бар. Ең бастысы — баланың сауатын ашу кезеңдеріндегі айырмашылықтары. Әліппеге дейінгі кезең, Әліппе кезеңі, Әліппеден кейінгі кезең екі оқулықта әртүрлі уақытты қамтиды. Әліппе оқулығын 1-жартыжылдықта аяқтап, Ана тілі оқулығына кірісетінбіз. Ал Сауат ашуда Әліппе кезеңі 3-тоқсанға дейін жалғасады. Бұл баланы жалықтырып жіберетін процесс. Әліппеде барлық сөз, сөйлем буын-буынға бөлініп берілетін. Әріппен танысқанда, төменгі жағында әріптің жазба түрі, сөздердің, сөйлемдердің көркем жазу үлгісі көрсетілетін. Әліппе кезінде әріпке байланысты әңгіме мәтіндер беріледі. Мәтіндер қысқа мазмұнды, баланың түсінуіне жеңіл, өлеңдер жаттап алуға, есте сақтауға, қабылдауға оңай болатын. Сауат ашудың жаңалығы мен өзгешелігі көп. Басты ерекшелігі — Сауат ашу тыңдалым, жазылым, оқылым және айтылым сынды деңгейлерден тұрады. Сауат ашуда бір әріпті үйренуге төрт-бес сабақ арналады да, сол уақытта баланы өздігінен ізденуге үйрететін түрлі тапсырмалар беріледі. Яғни, баланы жаттанды білімге бағыттау емес, бір дүниені үйренуге өзінше талпыну, іздену, керекті білімді игеруге өзі күш салып барып, қабылдауға баулиды. Ал Сауат ашуда бір әріпті үйрену жаңағы аталған төрт деңгей бойынша жан-жақты қарастырылған. Қарапайым диалогты оқушылар тыңдалым арқылы бірінші сыныпта-ақ меңгеруіне мүмкіндік береді, — деді Смағұлова.

Марал Елтайқызы оқушылар Әліппе оқулығы арқылы білімді тез қабылдайтынын айтып, оның қайта енгізілетініне қуанышты екенін жасырмады.

Әліппенің қайта енгізілетініне көзқарасым оң. Өте қуаныштымын. Себебі ол — қазақ әліппесінің тарихы. Жаңартылған білім мазмұны енгенге дейін білім ордаларының табалдырығын аттаған кез келген оқушының алғашқы танығаны Әліппе болды. Сол себепті де Әліппенің әр адамға ыстық көрінетіні жасырын емес. Әліппенің қайтып келуімен бастауыш сынып білімінде өзгеріс болады деп ойлаймын, — деп атап өтті ол.

Осы ретте ұстаз биылғы дәстүрлі форматтағы оқу үрдісіне дайындық қалай жүріп жатқанын айтты.

Оқу жылының басталуына аз қалды. Былтырғы қашықтан оқытудан кейін дәстүрлі оқытуға дайындықты сынып оқушыларына Сауат ашу пәні бойынша қосымша жұмыстар ұйымдастыруды жоспарлап, білімдегі олқылықтарды жоюға, қалып қойған тұстарды қуып жеткізуге қайталау жұмыстарын жасау керек, — деді бастауыш сынып мұғалімі.

Марал Смағұлова сөз соңында №63 мектеп-гимназиясында, әсіресе, бастауыш сынып мұғалімдері толығымен вакцинамен қамтылғанын жеткізді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.