Жаңалықтар

Ұялы байланыс болғанда Семей орманшылары тірі қалар еді – депутат

Былтыр Абай облысында өрт кезінде 14 орманшы қаза тапқан болатын

 

Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров былтыр «Семей орманында» болған алапат өрттен орманшылардың қаза табуына ұялы байланыстың жоқтығы себеп болғанын айтты, деп хабарлайды Jambylinfo.kz.

Мәжілісте өткен үкімет сағатында депутат цифрлық даму министрлігінің өкілінен орман шаруашылықтарында ұялы байланыс пен интернет қашан пайда болатынын сұрады.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Асхат Оразбек мобильді байланыс қарапайым азаматтарға, ал құтқарушыларға арнайы радио байланыс қажет екенін айтты. Ведомство орман аумағындағы елді мекендерді мобильді байланыспен 2027 жылға қарай «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында қамтуды жоспарлап отыр.

Вице-министрдің айтуынша, орман мен орман шаруашылығының өзін спутниктік те, қарапайым интернетпен де қамтамасыз ету мүмкін емес. Бірақ ұялы байланыс операторларын төтенше жағдай кезінде жылжымалы мобильді станциялар ұсынуға міндеттейтін норма қабылдау жоспарланып отыр. Байланыс операторлары жылжымалы станцияны әрбір өңірде сатып алып, қажет болған жағдайда ТЖ құрылымына беруге тиіс болады. Алайда депутат Сайыров вице-министрдің жауабына қанағаттанбады.

Мәжілісменнің сұрағына экология министрі Ерлан Нысанбаев жауап беруге тырысты. Орманда ұялы байланыс жоқ екеніне шенеуніктің өзі де куә болған.

Естеріңізге сала кетейік, былтыр Абай облысында «Семей орманында» алапат өрт болды. Өрт Семей қаласынан 25 шақырым жердегі Батпаев орман шаруашылығында басталған. Апат салдарынан тілсіз жаумен күрескен 14 орманшы қаза тапты.