Жаңалықтар

«Әйел жүрген жол адамгершілік пен мейірімділікке бастайды» - жеке кәсіпкер Ақмарал Басирова

«Әйел жүрген жол адамгершілік пен мейірімділікке бастайды» - жеке кәсіпкер Ақмарал Басирова

Жамбыл облысында кәсіпкерлікке бет бұрған қыз-келіншектер жергілікті атқарушы билік тарапынан әркез қолдау көріп келеді. Бұған өңір басшысының бұрымдылармен өткізетін кездесуі дәлел. Бүгінгі заманның қыз-келіншектерін батыр десек те болады. Соның бірі жеке кәсіпкер Ақмарал Басирова. Жаңатас қаласының тумасы, бес баланың анасы Ақмарал Басирова талай жыл тұрмыстың тауқыметін тартса да, жеке кәсіп ашуға бел буады. Әлеуметтік бизнес саласында бағын сынаған көпбалалы ана маңайындағыларға жұмыс беріп, кәсіпкерлікке баулыды. Ол Алматы қаласынан алғашқылардың бірі болып «Бақытты отбасы – Алатау» орталығын ашып, жалғызбасты, көпбалалы аналарға қамқорлық көрсетті. Мұнда келген тұрмыстың тауқыметін тартқан әйелдер бір-біріне демеу болып, кәсіп көзін табуға септігін тигізді. «Бақытты отбасы – Алатау» қолдау орталығының жетекшісі, әлеуметтік кәсіпкер Ақмарал Басирова: «Мен де тұрмыстың қиындығын көрдім.  Мемлекеттен түрлі көмек, жәрдемақы алып жүрдім. Отағасы инсульт алып, біраз титықтап қалдық. Балаларым ел-жұрт ұсынған көмектен намыстанатын еді.  Әрине, бұл жағдай маған оңай тиген жоқ. Содан соң ұзақ ойлана келе жеке кәсіп бастауды жөн санадым. Оған Алматы қалалық әкімдігі қолдау көрсетті,  одан бөлек мемлекеттік бағдарламалардың көмегін алдым. Алла сәтін салып, кәсібім өрге жүзе бастады. Жер алып, үй салып, балаларым кең баспанада өмір сүріп жатыр», – өткенге көз жүгіртті.   Ал кәсіпкер Ақмарал Басирова аналарға қандай көмек берді? Оның ұстанымы – «Балық берме, қармақ бер!». Ол алдына келген қыз-келіншектерге тегін кеңес беріп қана қоймай, кәсіп көзін табуға идея айтады. Бұдан бөлек мемлекеттік бағдарламаның шарапатын көру жолын нұсқайды. Әйел бизнеске келсе, жеке басының қамын күйттемейді. Әйел жүрген жол адамгершілік пен мейірімділікке бастайды. Сондықтан да әйел кәсіп ашса, төңіректегі жұмыссыздар үшін қуаныш. Шын мәнінде, кез келген адам қабілетті. Бар болғаны мемлекеттен көрсетіп жатқан қолдауды дер кезінде пайдалану, кәдеге асыру. Қазір билік, жергілікті әкімдік тарапынан бизнес бастауға ниетті жандарға арналған жобалар бар. Мүмкіндігінше, кеңес алып, тиімді жобаны жүзеге асыруға әрекет еткен жөн. Тіпті, шалғайдағы ауылдарда жаңа бизнес бастауға, әлеуметтік салаға арнайы қаржы бөлініп жатқанынан хабарсыз аналар көп. Олар «Кәсіп түрлерін қалай игеру керек?», «Бизнес бастау үшін көмекті қалау алуға болады?» деген сияқты сауалға жауапты қайдан алатынын білмейді.   Бұл тұрғыда Тараз қаласындағы «Бақытты отбасы» орталығы, «Анаға тағзым» орталығы өңірдегі  қыз-келіншектерге айтарлықтай қызмет көрсетіп келеді. «Бақытты отбасы» орталығы көпбалалы, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға қызмет көрсетеді. Олар әлеуметтік қызметкердің кеңесін алып, алимент өндіру және құқықтық мәселелер бойынша заңгер маманының көмегіне жүгінеді. Сондай-ақ, аналар оқыту курсына қатысып,   қолөнер бұйымдарын және тігін тігуді үйренсе, одан бөлек өз кәсібін ашу мақсатында қаржылық сауаттылық сабақтарын меңгереді. Тіпті, өңірде әйелдерге арналған семинар-форум да жиі ұйымдастырылады. Мұндай басқосуда ауыл әйелдері үшін әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту жолы түсіндіріліп, мемлекет қолдауын алудың тетігі жіті айтылады.