Жаңалықтар

Ынтымақ ырысқа бастайды

Тараз қаласында «Қарашай және балқар-Бірлік» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мустафир Бабаевтың басшылығымен және аталған бірлестіктің аймақтық филиалының ұйымдастыруымен этнос күні өтті.

Іс-шара ұлтаралық қарым-қатынасты, бірлік пен келісімді нығайтуға, мәдени мұраны сақтауға бағытталған. Айта кетейік, елімізге балқар этносының қоныс аударғанына биыл 80 жыл толса, қарашай этносының қазақ елінен пана тапқанына – 81 жыл. 

– Қазақстан – барлық этнос өкілдеріне кең құшағын жая білген қасиетті ел. Өңірлік «Бірлік» қарашай-балқарлар этномәдени бірлестігін бүгінгі этнос күндерімен құттықтай отырып, өткені мен болашағына зор құрметпен қарайтындығымызды білдіреміз. Қарашай-балқарлар қауымдастығына деген ықыласымыз шексіз.

Ұйымның талапты, өнерлі жастарына үлкен табыстар тілеймін. Сондай-ақ қаншама қайғы-қасірет пен қуғын-сүргінді басынан өткерген қарашайлардың жанына батқан қиындығын тереңінен түсініп, ыстық ықыласын көрсеткен қазақ халқына алғыс айтамыз. Біздің ұрпақтарымыз қазақ топырағында өсіп-өніп, қазақ елі мен жеріне адал қызмет етіп келеді, – деді қарашай-балқарлар бірлестігінің басшысы Леля Ахмадқызы.


Сондай-ақ басқосуда бірлестіктің ақсақалдар мен аналар кеңесінің өкілдері сөз сөйледі. Мерекенің кішкентай қатысушыларына сыйлықтар табыс етілді.
Іс-шара барысында концерттік бағдарлама көпшілік назарына ұсынылып, жиналған жұртшылық жас өнерпаздардың талабы мен талантына тәнті болды.