Жаңалықтар

Қысқы Универсиада-2025: Бүгін қазақстандық жастар үш спорт түрінен сайысқа түседі

байрақты бәсеке 13 қаңтарда Турин қаласында басталды

Бүгін, 14 қаңтарда Италияның Турин қаласында 2025 жылғы Қысқы универсиаданың алғашқы жарыс күнінде қазақстандық спортшылар биатлон, фристайл-могул және шайбалы хоккейден сынға түседі.

Алдымен 14:00-де биатлоннан ерлер арасында жекелей сында Вадим Куралес, Кирилл Бауэр, Ержанат Қуандық, Никита Акимов сайысқа түседі.

Ал 15:00-де фристайл-могулдан іріктеу кезеңінде Анастасия Гордко, Аяулым Әміренова, Максим Емельянов, Федор Бугаков, Семен Русаков, Антон Бондарев жарысқа шықса, 18:30-де финал белгіленген.

Сондай-ақ 17:00-де биатлоннан әйелдер арасында жекелей сында Милана Генева, Полина Егорова, Алина Скрипкина, Айша Ракишева ел намысын қорғайды.

Сағат 20:30-де шайбалы хоккейден Қазақстан ерлер құрамасы Оңтүстік Корея, 20:30-де еліміздің әйелдер құрамасы Чехиямен мұз айдынға шығады.

Айта кетсек,  дүбірлі дода 13-23 қаңтар аралығында өтеді. Оған әлемнің 57 елінен 2000-нан астам спортшы қатысады. Жарыс бағдарламасында 11 спорт түрі бойынша 96 медаль жиынтығы сарапқа салынады.

Қысқы Универсиадада Қазақстан құрамасынан 103 спортшы 11 спорт түрі бойынша бақ сынайды. Олар биатлон, шорт-трек, шаңғы жарысы, мәнерлеп сырғанау, қысқы спорттық бағдарлау, фристайл, тау шаңғысы, ерлер және әйелдер хоккейі, сондай-ақ парашаңғы жарыстары бойынша сынға түседі.