Ыстық су беру жалғаса ма?
Ыстық су беру жалғаса ма?
Таразда жылу маусымы аяқталғаннан кейін шығатын мәселе - ыстық судың жайы. Ыстық су жыл бойы беріледі деген құрғақ уәдені жыл сайын еститін қала тұрғындары өз беттерінше су жылытқыш құралдарын орнатып, қамдана бастайды. Биыл "ескі әуен" тағы бастала ма? Әлде монополистерге сенген жөн бе? Жамбыл облысында жылу маусымы аяқталды. Бірақ Тараз қаласы тұрғындарына ыстық су беру жалғаса береді. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Құдайберген Қорғанбаев осылай деді. Басқарма басшысының айтуынша, ағымдағы жылы аймақ бойынша жылу желілерінде қайта жаңғырту және күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмейді. Тек ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі. «Жылыту маусымының ұзақтығы аудандарда 188 тәулікті құраса, Тараз қаласында 195 тәулікті құрады. Жылыту маусымы кезінде станциялар мен желілерде технологиялық бұзушылықтар тіркелген жоқ. Жалпы 912 көпқабатты тұрғын үй ыстық сумен қамтамасыз етілуде. Мәселен, «Таразэнергоорталық» АҚ - 802 үй, «Жамбыл-Жылу» МКК - 91 үй, «Таразтрансэнерго» МКК - 19 үйге қызмет көрсетеді», - деді Құдайберген Қорғанбаев. Қазір бұл мекемелер қыстың қамына бүгіннен бастап кіріскен. Нақтылы кезеңде отын-энергетика кешені кәсіпорындары жылу қондырғыларын жоспарлы жөндеу жұмыстарын бастаған. Келесі жылыту маусымына дайындық іс-шаралар жоспары әзірленіп, бекітілген. Құдайберген Қорғанбаев биыл өңірдегі көп қабатты үйлердің тұрғындары қыстан қысылмай шықты дейді. Жылыту маусымы кезінде облыста көмір тапшылығы да болмаған. Тұрғындар көмірдің тиісті көлемі яғни, 234,3 мың тоннамен толық қамтамасыз етілген. Бұл ретте Шұбаркөл, Қаражыра маркалы көмірлер 14 - 17 мың теңгеден сатылды. Бұл бағаны тұрақтандыру үшін жасалған меморандумдар нәтижесі деп атап өтті басқарма басшысы. Ал біз алдағы уақытта да ыстық судың жыры жалғаспай, мәселе толық шешімін табады деп сенгіміз келеді. Нұрдаулет Асан