Жаңалықтар

"Қыстың түсетінін білмегендей": Атырау тұрғындары бір тәулікке сусыз қалды

"Қыстың түсетінін білмегендей": Атырау тұрғындары бір тәулікке сусыз қалды

Атырауда күн суытып, Жайықтың бетіне мұздың қатуы су беру сорғысының мүлде істен шығуына әсер етті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі. 9 желтоқсанда түнде басталған мәселе әлі шешілмеді. 10 желтоқсанда жергілікті уақытпен сағат 10:00-дегі жағдай бойынша, қала бойынша, қала маңындағы ауылдарда су беру жұмыстары толық қалпына келтірілмеді. Су болмағандықтан, пәтерлерде жылу тоқтап, тұрғындар ыңғайсыз жағдайда қалып отыр. Аяздың басталуына және су жылдамдығының төмендеуіне байланысты қала мен қала маңындағы ауылдарды сумен қамтамасыз ету көзі - Жайық өзенінде мұз қатты. Осы себепті су алатын құрылыстардың сорғы станцияларынан су алынатын жерлерде мұз пайда болды. Бұл жағдай қаланың су қабылдағыш құрылымдарының жұмысын тоқтатты. "Қазір барлық жұмыс орындалып, су алу жұмыстары жүріп жатыр", - деп хабарлады коммуналдық салаға жауаптылар. Бірақ екінші тәулікке жалғасып жатқан жағдай тұрғындарды сусыз қалдырды. "Өзіміз көпқабатты үйде тұрамыз. Бүгін демалыс. Бала-шаға бәрі үйде. Далаға шығарайық десек, күн суық. Судың жоғын пайдаланған шағын дүкендер 5 литрлік судың бағасын қымбаттатып жіберді. Үйдің іші ұлып кетті. Не далаға, не үйге сыймай отырмыз. Қаланың коммуналдық қызметі қыстың түсетінін білмеген сияқты", - дейді көпбалалы ана Альмира Жүсіпқызы. Ақпарат дереккөзі: https://massaget.kz/basty-zhaalytar-438/96578/