Жаңалықтар

Өзбекстан халқы әлеуметтік желілерге кіре алмай дал болды

Өзбекстан халқы әлеуметтік желілерге кіре алмай дал болды

Таяуда Өзбекстан тұрғындары әлеуметтік желілерге кіре алмай дал болды. Көрші елдің ақпараттандыру және телекоммуникациялар саласындағы бақылау жөніндегі мемлекеттік инспекциясы ютуб, инстаграм, фейсбук, телеграм және «одноклассники» желілерін «Дербес деректер туралы» заңнаманы бұзды деп бұғаттап тастаған. Яғни бұл заңға сәйкес желі қолданушыларының барлық жеке деректері Өзбекстан аумағында сақталуы тиіс. Өзбек жұрты әлеуметтік желілерге кіру қиындығын кешке қарай сезді. Республика аумағында ютуб, инстаграм, фейсбук, телеграм және одноклассники желілері ашылмады. Ал ақпараттандыру және телекоммуникациялар саласындағы бақылау жөніндегі мемлекеттік инспекция ресми сайттарында аталған желілерді құқық бұзушылардың тізіміне қосып, жұмыстарына шектеу орнатқандығын жариялады. Умид Гафуров, блогер: - Кешке жұмыстан келген соң бірден түсінбедім. Барлық әлеуметтік желілер баяу жүктеле бастады. Кейін бұл желілер бұғатталды деген жаңалықтар шыға бастады. Шыны керек, бұл біз үшін шок болды. Кейін мен де өз телеграм каналымда бірнеше пост жаздым. Президентіміздің сөзін тағы бір еске салдым. Ол кезінде журналистер мен блогерлерді қолдап, интернетте ешқандай шектеу болмайтындығын, сөз бостандығы жайлы уәде берген еді. Осыдан кейін әрине біз шағымдана бастадық.  Әлеуметтік желілердің коллапсы ұзақ болған жоқ. Мәселен, Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевке дейін жетті. Оның баспасөз хатшысы «Узкомназорат» мекемесі үкіметтің тапсырмасы бойынша дұрыс ойластырылмаған әрекет жасағандығын мәлімдеп, барлық әлеуметтік желілерге қолжетімділік қалпына келтіріледі деді. Кейін халықты дүрбелеңге салған «Узкомназорат» мекемесінің басшысы Голибшер Зияев қызметінен босатылғандығын және бұл іске қатысты тергеу амалдары басталғандығын мәлімдеді.  Умид Гафуров, блогер: -  Қазір барлығы VPN қосымшасын қолдана бастады. Яғни бұндай шектеулер мен бұғаттаулар ешбір нәтиже бермейді. Халықтың барлығы бұндай шектеулерді қалай айналып өту керектігін үйреніп алған. Мәселен, бізде тикток бұғатталған. Бірақ оны VPN арқылы оп-оңай ашуға болады. Бұл жерде үкімет өзін қорғау амалдарын іске қосу арқылы халықты енгізілген шектеулерден қалай айналып өту керектігін үйренуге міндеттейді. VPN арқылы біз қазір бұғатталған кез-келген сайтты аша аламыз. Айта кету керек, ақпараттандыру және телекоммуникациялар саласындағы бақылау жөніндегі мемлекеттік инспекция мамыр айында бірқатар әлеуметтік желіге «Дербес деректер туралы» заңға бағыну жөнінде ұйғарым жіберген болатын. Ал шілде айының басында Өзбекстанда скайп, твиттер, вконтакте және тик-ток қосымшаларының жұмысы баяулады. Тағы айта кету керек, қазан айының соңында Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев «Дербес деректер туралы» заңнаманы бұзғандарға қатысты жазаны қатаңдату заңына қол қойды. Енді құқық бұзған әлеуметтік желілерге 1 млн 620 мың теңгеге дейін айыппұл салынады.