Жаңалықтар

"Жүлде қоры - 27 млн. теңге" Астанада «Қазақстан Барысы» турнирі өтеді

Байрақты бәсеке Республика күніне арнайы ұйымдастырылмақ

26 қазан күні сағат 13:00-де  «Барыс Арена» спорт сарайында XIII республикалық қазақ күресі «Қазақстан Барысы» турнирі өтеді. Бұл турнирге облыстық жарыстардың нәтижелері бойынша іріктелген еліміздің ең күшті балуандары бақ сынайды. Бұл туралы Астана қаласы әкімдігінің ресми сайтында жарияланды деп жазады Jambylinfo.kz.

Турнирге Қазақстанның 17 облысы мен республикалық маңызы бар 3 қаланың ең мықты палуандары қатысады. Сондай-ақ, қатысушылар арасында өткен жылдың «Қазақстан Барысы» жеңімпазы және «Әскер Барысы» командасынан екі балуан болады. Турнирдің қорытындысы бойынша ең күшті балуан анықталып, 15 миллион теңге көлеміндегі басты сыйлықты алады.

Турнирдің жалпы жүлде қоры 27 100 000 теңгені құрайды, оның ішінде 3 720 000 теңге спортшылардың жаттықтырушыларына бөлінген. Жүлделі орындар мынадай: 1-орынға — 15 000 000 теңге, 2-орынға — 3 300 000 теңге, 3-орынға — 1 080 000 теңге. Әр жеңген жекпе-жек үшін балуан 100 000 теңге алады.

Марапаттау рәсімінен кейін турнир жеңімпазымен баспасөз конференциясы өтеді. Спортсүйер қауым мен жанкүйерлер үшін кіру тегін.

Көрермендер үшін ұлттық стильде белсенді аймақ ұйымдастырылады, онда асық ату, арқан тарту, тоғызқұмалақ және басқа да ұлттық ойындарды ойнауға болады.