Жаңалықтар

«Жұмысшы мамандықтар жылы»: №7 Бетқайнар колледжі нарыққа қажетті мамандарды даярлайды

Колледж 1974 жылы құрылған

Жамбыл облысы Қордай ауданындағы №7 Бетқайнар колледжі 1974 жылдан бері нарыққа сапалы мамандар даярлап келеді. Оқу орны жұмысшы мамандықтарды дамытудағы жаңа белеске көтерілмек, деп хабарлайды Jambylinfo.kz.

Қазақстан Республикасының Президенті 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялап, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының маңызды басымдықтарының бірі ретінде жұмысшы мамандықтарын дамыту мен жастарды кәсіптік біліммен қамтуды белгіледі. Бұл бастама еңбек нарығындағы сұранысты қамтамасыз ету, жастардың кәсіби әлеуетін арттыру және ауылдық аймақтардағы жұмыссыздық мәселесін шешу бағытында қолға алынды. Осы бастаманы іске асыру аясында Жамбыл облысындағы №7 Бетқайнар колледжі ерекше үлгі көрсетіп отыр. Білім ордасы тек аймақта ғана емес, республика көлемінде де жұмысшы мамандықтарын дамытудың үздік тәжірибелерінің бірі ретінде танылуда.

Колледж бүгінгі таңда 637 студентке ауыл шаруашылығын механикаландыру, тігін өндірісі, бағдарламалық қамтамасыз ету және дәнекерлеу ісі сияқты сұранысқа ие мамандықтар бойынша білім береді. Еңбек нарығына сай білім мен тәжірибені ұштастыру арқылы жастарды болашаққа дайындау колледждің басты міндетіне айналған.

Колледж білім берумен ғана шектелмей, аймақ экономикасының тірек нүктесіне айналып отыр. Оқу орны жанынан ашылған тігін цехы мен шағын кәсіпорын ауыл тұрғындарына тұрақты табыс көзі болып қана қоймай, жастарға өз мамандығы бойынша еңбек етуге мүмкіндік береді. Колледж директоры Гүлнар Еділбайқызы Алимбаеваның айтуынша, тігін цехында 40 адам жұмыс істейді, олардың ішінде колледж түлектері де, жергілікті тұрғындар да бар. Цехта ұлттық нақыштағы костюмдер мен заманауи киімдер тігіліп, олар нарыққа шығарылуда.

Сонымен қатар, колледждің оқу шаруашылығында 137 бас қой өсіріліп, студенттердің тәжірибе жинауына септігін тигізуде. Бұл шаруашылықтан алынған 450 кг қой жүні колледж цехына жеткізіліп, одан көрпе мен ұлттық бұйымдар жасалады. Бұл өнімдер жергілікті нарықта сұранысқа ие болып, шағын кәсіпкерлікті дамытуға мүмкіндік беріп отыр.

«BK-7 Textile»: мамандықты брендке айналдыру

Колледждің тағы бір жаңашыл бастамасы – «BK-7 Textile» мамандығын дамыту. Бұл бағыт заманауи тігін және текстиль өнеркәсібі бойынша жоғары сұранысқа ие мамандар даярлауды көздейді. Оқу барысында студенттер өндіріс процестерін толық игеріп, еңбек нарығында бәсекеге қабілетті маман ретінде қалыптасады. Заманауи оқу-өндірістік әдістемелерді пайдалану колледждің білім беру сапасын жаңа деңгейге көтерді.

Жұмысшы мамандықтарын дамыту – ауылды жандандырудың негізі

№7 Бетқайнар колледжі тек жастарды кәсіпке баулып қана қоймай, ауыл тұрғындарының өмір сүру деңгейін арттыруға да ықпал етуде. Тігін цехы мен жүн өңдеу өндірісі жаңа жұмыс орындарын ашып, ауыл халқының әлеуетін тиімді пайдалануға мүмкіндік беріп отыр. Сонымен қатар, ұлттық өнер мен мәдениетті жаңғырту колледж қызметінің ажырамас бөлігіне айналған.

Биылғы «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында қолға алынған бұл бастамалар Қазақстанның басқа өңірлеріне үлгі боларлықтай. №7 Бетқайнар колледжінің тәжірибесі жастарды кәсіптік біліммен қамту және ауылдық аймақтарды дамытуда жаңа мүмкіндіктер ашып, жұмысшы мамандықтарының беделін арттырудың жарқын үлгісі болып табылады. 2025 жыл — өз болашағын өзгерткісі келетін әрбір жас үшін үлкен мүмкіндік. Ертеңгі табысты өмірдің кілті — бүгінгі таңдауда!

 

Бақытжан Бекболат