Жұмысшы мамандықтарын қолдау: «Наурыз жұмыскер» бағдарламасы іске қосылды
Бұл бастама техникалық сала қызметкерлерін баспанамен қамтамасыз етіп, олардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған
Мемлекет басшысының тапсырмасымен жұмысшы мамандарға арналған «Наурыз жұмыскер» тұрғын үй бағдарламасы іске қосылды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Бағдарламаға өнеркәсіп, энергетика, көлік, ауыл шаруашылығы және су ресурстары саласында еңбек ететін мамандар қатыса алады.
«Наурыз жұмыскер» арқылы 2025 жылы 72 млрд теңге көлемінде 2 440 несие беру жоспарланып отыр. Өтінімдер 17 наурыздан бастап қабылданады. Бағдарлама танымал «Наурыз» тұрғын үй бағдарламасының аясында жүзеге асады.
Несие шарттары жұмысшы мамандар үшін тиімді болып белгіленген. Әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға несие жылдық 7% мөлшерлемемен (ЖТСМ 7,1%-дан 9,6%-ға дейін), ал қалған санаттарға 9% мөлшерлемемен (ЖТСМ 9,4%-дан 13%-ға дейін) беріледі. Бастапқы жарна мөлшері тұрғын үйдің түріне байланысты 10%-дан (таза әрлеудегі үйлер үшін) және 20%-дан (әрленбеген немесе қайталама нарықтағы үйлер үшін) басталады. Несиенің ең жоғары сомасы облыстар үшін 30 млн теңгені, ал Алматы мен Астана үшін 36 млн теңгені құрайды.
Бұдан бөлек, «Отбасы Банкі» кәсіпорындармен бірлесе отырып, қызметкерлерге тұрғын үй несиесін беру үшін арнайы корпоративтік өнімдерді де іске қосады. Бұл кәсіпорындардың өз жұмысшыларының тұрғын үй мәселесін шешуге белсенді атсалысуына мүмкіндік береді.
«Жұмысшы мамандықтары қоғам үшін ерекше маңызды. Олар біздің күнделікті қажеттілігімізді қамтамасыз етіп, ауыр еңбекпен айналысады. «Наурыз жұмыскер» бағдарламасы арқылы олардың тұрмыс жағдайын жақсартып, баспаналы болуына көмектесеміз», – деп атап өтті «Отбасы Банкі» АҚ басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова.
Бақытжан Бекболат