Жәнібек Әлімханұлы чемпиондық белбеулерінен айырылып қалуы мүмкін
Егер екінші сынама да оң нәтиже көрсетсе, «Қазақ стилі» лақап атымен танылған спортшыға тәртіптік шара қолданылуы мүмкін.
7 желтоқсанда АҚШ-та өтуі тиіс Жәнібек Әлімханұлы мен Эрисланди Лара арасындағы үш чемпиондық белбеу үшін жоспарланған жекпе-жек өтпей қалған еді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Бұған желтоқсан айында алынған допинг-сынама нәтижесі себеп болды.
Тексеру барысында қазақстандық боксшының ағзасынан тыйым салынған мельдоний препараты анықталған. Қазіргі уақытта ресми тексеру жалғасып жатыр. 8 қаңтар күні «B» сынамасы ашылады. Егер екінші сынама да оң нәтиже көрсетсе, «Қазақ стилі» лақап атымен танылған спортшыға тәртіптік шара қолданылуы мүмкін.
Осы жағдайға байланысты орта салмақта WBO және IBF нұсқалары бойынша әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы алдағы күндері бір немесе екі чемпиондық белбеуінен айырылып қалуы ықтимал. Бұл туралы LDUBB Boxing YouTube-арнасының авторы әрі инсайдер Буг Уильямс мәлімдеді.
Инсайдердің жазбасына пікір білдірген желі қолданушыларының бірі IBF ұйымы бос қалуы мүмкін чемпиондық белбеуді 31 қаңтарда өтетін WBC чемпионы Карлос Адамес пен Остин Уильямс арасындағы жекпе-жекке қоюы ықтимал екенін болжады. Бұған жауап берген Буг Уильямс:
«Әзірге нақты айту қиын. Бірақ Жәнібек келесі аптада титулынан айырылуы мүмкін», – деп жазды.