Жаңалықтар

Жаңа оқу жылында мектептерде жаңа пән пайда болады

Енді білім беру ұйымдарында "Жеке бас қауіпсіздігі" сабағы өтіледі

Еліміздің барлық балабақшаларында, мектептері мен колледждерінде 1 қыркүйектен бастап балаларға қорғану негіздері оқытыла бастайды. Осыған орай ҚР Оқу-ағарту министрлігі «Жеке бас қауіпсіздігі» тақырыбында 130 сабақ әзірледі, деп хабарлайды Jambylinfo.kz.

Сабақтың мақсаты – балалардың бойында жеке қауіпсіздігі пен басқаларды қорғауға қатысты саналы және жауапты қарым-қатынас қалыптастыру, сондай-ақ төтенше жағдайларда әрекет етуге дайындау.

Балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының айтуынша, балалардың жас ерекшеліктері мен даму деңгейін ескере отырып, сабақта балаларды ынталандыратын жайлы жағдай жасалады.

Сабақ апта сайын сынып сағаты аясында 10 минут шамасында өткізіледі, бір тақырып жылына үш рет қайталанады. Сабақ барысында практикалық кеңестер, ойындар, оқытудың интерактивті әдістері, демонстрациялар, бейнероликтер және материалды барлық жастағы балалар үшін қолжетімді және түсінікті етуге көмектесетін практикалық оқытудың басқа да нысандарын қолдану ұсынылады.