Жаңалықтар

«Жаңа құтқару станциялары мен мобильді бекеттер»: ТЖМ жазғы шомылу маусымына дайын ба

Бұл сұраққа Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов жауап берді

Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов Үкімет отырысы барысында ірі су қоймаларына тағы 15 станция қажет екенін мәлім етті, деп хабарлайды jambylinfo.kz. 

Министрдің айтуынша, халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында еліміздің су айдындарында ТЖМ-ның 42 құтқару бекеті жұмыс істесе, 2025 жылы Шалқар, Имантау көлдерінде және Қосшы қаласында үш модульдік стансаның құрылысы аяқталады.

 «Жазғы кезеңде қосымша мобильді бекеттер құрылады. Онда судағы кезекшілік және патрульдеу жұмыстары жүргізіледі. Жыл басынан бері 76 адам, маусым айының басынан бері 24 адам құтқарылды. Қазіргі уақытта заманауи катерлер, жүзу құралдарын және дрондарды жоспарлы түрде сатып алып жатырмыз. Сонымен қатар Маңғыстау облысында Каспий теңізінің жағалауында Ұлттық теңіз жасағын құру жұмыстары жүріп жатыр. Әкімдіктермен бірлесіп шомылу мен демалуға рұқсат етілген орындарды жылдан жылға ұлғайтып жатырмыз. Олардың саны бүгінде 708-ге жетті және барлығы «2GIS» платформасында көрсетілген», — деді министр.

Сонымен қатар Шыңғыс Әрінов балалардың қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлінетінін айтты.

 «Құтқарушылар балаларға жүзуді, құтқару және алғашқы көмек көрсету дағдыларын үйретеді. Сондай-ақ балалар лагерлерінің тәрбиешілерімен және ата-аналармен түсіндірме жұмыстары жүргізіледі. Су айдындарының жанында орналасқан 30-дан астам балалар лагерінің тек 19-ында ғана балаларға арналып жабдықталған суға шомылу орындары бар»,-деді ол.