Жаңалықтар

«Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі»: Шатыркөлдің «екінші тынысы» ашылды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауында елдің алдында тұрған маңызды міндеттердің бірі қара және түсті металлургиядағы қайта өңдеудің жаңа салаларын жедел дамыту арқылы өзінің өнеркәсіптік әлеуетін толық ашу екендігін атап өткен-ді. Сәйкесінше ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне отандық өнеркәсіпті дамытып, өндіріс ошақтарының жұмыстарын жандандыруды тапсырған болатын.

Жалпы еліміз пайдалы қазбалар қоры бойынша әлемде көшбасшылардың қатарында. Осы деңгейге сай нарықтағы позицияны нығайтуға тау-кен металлургия кешенінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру, минералды-шикізат ресурсын толықтыру мен базалық металдарды дайын өнім түріне дейін терең өңдеу арқылы жететініміз айқын.

Қазақстандағы тау-кен байыту саласында қол жеткізген жетістіктерге Әулиеата өңірінің қосып жатқан үлесі аз емес. Күні кеше Шу ауданында жылына 98,6 мың тонна мыс концентратын өндіруге қуатты «Шатыркөл» кен байыту фабрикасының техникалық іске қосылуы – осы сөзімізге дәлел.

Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев «Қазақмыс корпорациясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басқарма төрағасы Нұрахмет Нұриевпен бірге жаңа кәсіпорынды аралап, техникалық мүмкіндіктерімен танысты. Сондай-ақ зауыттың алғашқы өнім алу сәтіне куә болды.

Айта кету керек, мыс концентраты өндірілетін фабрика қазан айының соңына дейін толық жобалық қуатына шығады деп көзделуде. Қазіргі таңда фабрика техникалық тұрғыда алғашқы өнімдерін шығаруды бастады. Өндіріс орнының жұмысымен танысқан аймақ басшысы өңірде тау-кен өнеркәсібі қарқынды дамып келе жатқанына тоқталып, жобаның маңыздылығын атап өтті.

– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес өңірде бірқатар инвестициялық жоба қолға алынып, ірі өндіріс ошақтары ашылуда. Соның бірегейі – бүгін өздеріңіз көріп отырған мыс концентраты зауыты. Кәсіпорында негізінен жергілікті халықты тұрақты жұмыспен қамтуға басымдық беріліп отыр. Билік тарапынан өндірістің үздіксіз жұмыс істеуіне жан-жақты қолдау көрсетілетін болады, – деді облыс әкімі БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында.

Аймақ басшысының айтуынша, облыста 2024-2028 жылдар аралығында құны 2,5 триллион теңгені құрайтын 70 инвестициялық жобаны іске асыру көзделуде. Биыл 228,4 миллиард теңгеге 1 432 жұмыс орнын құра отырып, 19 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған.

Оның ішінде 5 жоба шетелдік инвесторлардың қатысуымен іске асады.Ал «Қазақмыс корпорациясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басқарма төрағасы Нұрахмет Нұриев өндірістің мүмкіндігінше қауіпсіз және экологиялық таза болатынын жеткізді.

– Өндірісте мыс кенін байытудың әлемдегі ең зиянсыз технологияларының бірі қолданылады. Шаң тұту тиімділігі 99 пайыз коэффициентті құрайтын заманауи аспирация жүйесінің көмегімен жүзеге асырылады. Cонымен қатар өнімді тасымалдау көлемін азайту арқылы жолдағы шаң айтарлықтай төмендейді. Ал жақын елді мекендер кәсіпорынның әсер ету аймағынан 20 шақырымнан астам қашықтықта орналасқан. Фабрикада технологиялық процестерді басқарудың жаңа автоматтандырылған жүйелері енгізіліп отыр. Бұл жұмыс тиімділігін арттырып, өнеркәсіптік қауіпсіздік пен еңбекті қорғауға ықпал етеді, – деді басқарма төрағасы.


Шатыркөл кен орнын өнеркәсіптік игеру тарихы 2000 жылдан бастау алады. Мұнда жерасты әдісімен жылына 600 мың тоннадан астам кен өндіріледі. Фабрика директоры Алтай Кәрібаевтың сөзіне сүйенсек, 600 мың тонна кеннен шамамен 60 мың тонна мыс концентраты алынады. Одан бөліп алынатын мыстың көлемі 24-25 пайызды құрайды. Өткен жылы Шатыркөлден жиырма шақырым жердегі Жайсан кен орнында қазба байлықтарын өндіру ісі қолға алынған.

Осы уақытқа дейін дайын өнім алу үшін аталған кендер Балқаш мыс қорыту комбинатына жөнелтілетін. Енді міне, өндіріс пен тасымалдау шығындарын барынша азайту үшін ең ірі тау-кен металлургия кәсіпорны Шу ауданында заманауи кен байыту комбинатын іске қосты.

 – Фабрикада алынатын қазба байлық шикізат тастардан бағалы мыс концентратына дейінгі аралықта түрлі сатыдағы өңдеуден өтеді. Кешеннің жобалық құны құрылыс жұмыстары мен техникалық базаны қосқанда 94 миллиард теңгені құрайды. Бас мердігер «AAEngineering group» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құрылыс жұмыстарының 95 пайызын аяқтады. Қазіргі уақытта зауытта жабдықтарды іске қосу жұмыстары жүргізілуде. Зауытта ең озық шетелдік технологиялар пайдаланылады, – дейді А.Кәрібаев.

 

Ал өңдеу зауытының құрылысы бойынша жоба жетекшісі Валерий Ким қазіргі уақытта өндіріс ошағы құрамында мыс мөлшері шамамен бір пайызды құрайтын төмен сұрыпты кенді пайдаланып жатқанын жеткізді. Жоғары сортты руданың құрамында 2,5 пайызға дейін мыс болуы мүмкін. Сондықтан кәсіпорын Шатыркөл және Жайсан кен байыту орындарындағы қазба байлықтарын төмен және жоғары сұрыпты кен деп екіге бөліп отыр. Шатыркөлде кен 400 метр, ал Жайсанда 200 метр тереңдіктен алынуда. Осы орайда өндіріс ошағының жұмысына қысқаша шолу жасап өткен жөн болар. Алдымен Шатыркөл мен Жайсан кен орнынан жеткізілген шикізат Шатыркөл кен байыту фабрикасына жеткізіледі.

Мұнан кейін екі кен орнынан жеткізілген шикізат үлкен ұсақтау диірменіне түседі. Онда үлкен тастар шетелдік технология күшімен барынша ұсақталып, келесі ұсақтау бөліміне жіберіледі. Екінші кезеңінде шикізат құм түйіріне дейін ұнтақталып, мыс концентратын дайындайтын үшінші фабрикаға түседі. Нақтылап айтқанда, әуелгіде көлемі 500-700 миллиметр болатын кесектер, ірі, орташа және майда ұсақтаудан кейін 100-150 миллиметрге дейін кішірейіп келіп, соңында ұнтаққа айналады.

– Ұсақтау сатыларынан түгел өтіп, ұнтаққа айналғаннан кейін кен екінші өңдеу цикліне жіберіледі. Мұнан соң шикізат қажетті мөлшерге жеткенше сүзіліп, өңделеді. Ең соңында кен негізгі цехқа түседі. Онда шикізатты ұсақтап, флотациялайды, яғни сулы ортадағы минерал басқа минералдан ажыратып алынады. Кептірілген шикізат дайын мыс өніміне айналады. Ерекше атап өтер жайт, қос шикізат өңдеу фабрикасында ауаға ұшып жатқан шаң жоқ. Диірменде тас ұнтақтау кезінде одан бөлінген шаң арнайы технология арқылы сорып алынуда, – дейді өңдеу зауытының құрылысы бойынша жоба жетекшісі Валерий Ким.

Фабрика өндіріске қажетті су көлемін өздеріне тиесілі арналардан алып отырғанын, сондай-ақ зауыт экологияға еш зиян келтірмейтінін айта кеткен жөн.
 – Өндіріс көп мөлшердегі суды қажет ететіні айтпаса да түсінікті. Сондықтан кәсіпорын пайдаланылған суды тазалап, қайта айналымға жібереміз. Әйтсе де шикізат алу кезіндегі жаңа судың үлесі көп. Себебі булану салдарынын судың біраз бөлігін жоғалтып алып жатырмыз.

Дейтұрғанмен біз қоршаған ортаға немесе көрші фермерлерге еш зиян келтіріп отырған жоқпыз. Зауыт жылына бір миллион текше метрге жуық су тұтынса, өңір шаруалары 300-ден 400 миллион текше метрге дейін суды қажет етеді. Жұмыс барысында өз құдығымызды пайдаланамыз, сондықтан «Шу ауданының тұрғындарына ешқандай ауырлық тигізіп отырған жоқпыз» деп сеніммен айта аламыз. Әрі зауытта балқыту пештері қолданылмайтындықтан атмосфераға зиян қалдықтар шығарып жатпағанымызды ерекше атап өткім келеді, – деді фабрика директоры Алтай Кәрібаев.


Өндіріс ошағында мыс өндіріліп болғаннан кейінгі қалдықтар сумен бірге зауытқа тиесілі жасанды тоғанға құйылады. Өндірістік қалдықтар топыраққа түспеуі үшін тоғанның түбі арнайы пленкамен қапталған.Зауыт соңғы үлгідегі цифрлық технологиялармен жабдықталған. Компьютер автоматты түрде шикізатты талдап, кендегі металл құрамын көре алады. Сонымен қатар фабриканың химиялық талдау зертханасы бар. Тереңдетілген зерттеулер сонда жүргізіледі.

 – Жаңа зауыттың көлік шығындарын айтарлықтай төмендететінін айта кеткен жөн. Мәселен, Жайсан кеніші жиырма шақырым жерде орналасса, Шатыркөлдің қашықтығы бір шақырым ғана. Қазір бізге руда тиелген 86 вагон келеді, ал мыс концентраты 9-10 вагонға тиеледі. Бұрын біз кен орындарынан өндірілген шикізатты шикі күйінде Бірлік стансасына тасымалдайтынбыз. Осы фабриканы салу арқылы шикізатты шикі күйінде тасымалдау тоқтатылды, – деп сөзін жалғастырды Валерий Ким.


Өндірістік шеберханалардан басқа, кен байыту кешенінде қызметкерлерге арналған 230 орындық жайлы жатақхана, асхана мен қоймалар бар.Зауыттың құрылыс бойынша жоба жетекшісі Валерий Ким ұсақтау-елеу кешенінің қолда бар ресурстары тәулігіне 250 тонна кенді өңдеуге мүмкіндік беретінін атап өтті.

  – Қазіргі уақытта фабрика шахталарда өндірілетін кен көлемі жылына шамамен 1,2 миллион тоннаны құрайды. Тәулігіне 250 тонна шикізат өңделіп, 20 тонна мыс концентраты алынады. Болашақта өнімділікті одан әрі арттыруға мүмкіндік мол. Зауыт 347 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Оның 30-ға жуығы жалпы жұмысшылар болса, қалған бос орындарға сертификатталған мамандар қажет. Жұмыс 15 күндік вахталық әдіспен іске асырылуда. Қазір мұнда 108 жамбылдық еңбек етіп жатса, оның 49-ы Шу ауданының тұрғындары, –  деген Валерий Ким зауытта арнаулы орта білімі бар адамдардың да жұмысқа тұруға мүмкіндігі бар екенін атап өтті.

Мысалы, ұсақтағыш немесе флокатор лауазымына колледж дипломымен-ақ орналасуға болады.В.Ким сөз соңында өңірдегі тау-кен өнеркәсібі қарқынды дамып келе жатқанымен облыста кен байыту комбинаттары мамандарын даярлайтын оқу орындары жоқ екеніне өкініш білдірді. Комбинатқа басқа өңірлерден мамандар тасымалдағаннан гөрі жергілікті тұрғындарды жұмысқа алып, оқытқан тиімдірек екені белгілі. Сондықтан айтылған мәселені негізге ала отырып, зауыт басшылығы алдағы жылдары облыстың түкпір-түкпірінен білікті маман даярлайтын оқу орталықтарын ашуды жоспарлап отыр.

Айта кету керек, облыстың тау - кен өнеркәсібінде 125 кәсіпорын жұмыс істейді. Осы жылдың алты айында салада 54,2 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, өткен жылмен салыстырғанда нақты көлем индексі 102,8 пайызға жетті. Бұл саланың жалпы өнімдегі үлесі 13,1 пайызды құрайды.