Жаңашыл мұғалім болу – жаңа заманның талабы
Өмірдегі көп мамандықтардың ішінде жан-жақты білімділікті, икемділікті, шеберлікті және мейірімділікті қажет ететін мамандық – ұстаздық.
Осындай ұлы мамандықты бала күнінен армандаған Нұржамила Дыйханбаева ауданға қарасты Теріс ауылындағы №16 Сәкен Сейфуллин атындағы орта мектепте математика пәнінің мұғалімі ретінде білім беру саласының дамуына өзіндік үлес қосуда, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Нұржамила Анварбекқызы 2007 жылы Шымкент қаласындағы №60 жалпы орта мектебін үздік аяқтап, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетіне бастауыш оқытудың педагогикасы мен әдістемесі мамандығына оқуға түседі. Алайда ол өзін бұл мамандықта емес, анасы секілді математика пәнінің мұғалімі ретінде сынап көруді жөн санайды. Ұзақ жылдар бойы математика пәнінен білім берген анасы Мария Тұрдалықызының қажырлы еңбегі мен оқушыға деген жанашырлығы оның болашақ мамандығына деген көзқарасын қалыптастырады.
Осылайша, ол өзінің жүрегі қалаған мамандықты игеру үшін Шымкент қаласындағы Қазақстан педагогикалық-инженерлік халықтар достығы университетіне оқуға түсіп, математика мамандығында жоғары білім алады. Оның қолына алған бұл дипломы – бала арманының орындалғанының айқын дәлелі еді.
2013 жылы Жуалы ауданының Теріс ауылындағы №16 С.Сейфуллин атындағы орта мектепке математика пәнінің мұғалімі болып жұмысқа орналасқан жас маман шәкірттерге тек білім ғана емес, өмірлік бағыт-бағдар және тәрбие беруге барынша күш салуда.
Нұржамила уақыт өте келе ұстаздықтың жай ғана кәсіп емес, үлкен жүрек пен жан әлемінің таңдауы екенін толық түсінеді. Бүгінде анасының жолын жалғап, математика пәнінің мұғалімі ретінде оқушылардың білімге деген ынтасын оятып, логикалық ойлау қабілетін дамыту жолында талмай еңбек етіп жүргеніне қуанады.
Ол оқушыларын түрлі деңгейдегі олимпиадалар мен байқауларға дайындап, жүлделі орындарға ие болуына күш салуда. Пәндік үйірмелер арқылы математиканың терең сырларын меңгертіп, олардың логикалық ойлау қабілеттерін дамытуға бағытталған жұмыстарды жүргізуде. Нәтижесінде, 2024 жылы оқушылары аудандық пән олимпиадасында жүлделі ІІ орынға ие болса, «Кенгуру» және «Ақбота» республикалық байқауларында І дәрежелі дипломдармен марапатталған. Сонымен қатар, жас маман мектепішілік, аудандық және облыстық семинарларға да белсенді қатысып, әріптестерімен тәжірибе алмасуда.
Жас маманның алға қойған мақсаты да айқын. Ол сапалы білім мен саналы тәрбие беру арқылы шәкірттерінің бойындағы қабілетті ашып, олардың білімге деген қызығушылығын арттыруды көздейді. Заманауи білім беру үдерісінде оқушылардың логикалық ойлауын дамытуды өзінің негізгі міндеті санайды. Оның өмірлік ұстанымы «Ұстаз – тек білім беруші емес, әр жүрекке жол таба білетін тәрбиеші» деген сөзбен байланысты.
Бүгінгі жас маман – ертеңгі білікті ұстаз. Болашақта аға буын ұстаздардың орнын басып оқушылардың сүйікті ұстазына айналатын тұлға – жас маман. Осы жолда талмай еңбек етіп, қалыптасып келе жатқан жас маман Нұржамила Анварбекқызына да артылар үміт зор.
Нұржамила Анварбекқызы жуалылық азамат Досжан Утеев екеуі алты ұлдың ата-анасы атанып отырған үлгілі отбасы. Бірлігі мен татулығы жарасқан жас отбасы қоғамдық жұмыстарға белсене қатысады. Олар аудандық «Мерейлі отбасы» байқауына және «Толағай» отбасылық сайысына қатысып, жүлделі І орын иеленген.