Жаңалықтар

«Жалақы 25 пайызға азайған»: Мұғалімдер митингке шықты

Жаңадан құрылған Алатау қаласының мұғалімдері жанайқайын айтты

Алатау қаласы әкімдігінің өкілдері жалақысы 25 пайызға қысқарып қалғанына келіспейтінін айтқан мұғалімдермен өзара түсіністікке қол жеткізгенін мәлімдеді, – деп хабарлайды  Jambylinfo.kz.

Алматы облысы әкімдігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, 1 қазанда Алатау қаласындағы №1 және №47 мектептерінің педагогикалық ұжымдары жергілікті мемлекеттік органдар өкілдерімен кездесті. Бұған дейін мектеп ұжымдары әкімшілік-аумақтық құрылыстың өзгеруіне байланысты жалақы мөлшерінің өзгеруіне қатысты алаңдаушылықтарын білдірген. Жергілікті басқару органы өкілдері Алатау қаласында бюджет саласы қызметкерлерінің еңбекақысы неліктен азайғанын түсіндірді.

Туындаған мәселелерді жан-жақты қарау мақсатында Алатау қаласы әкімінің орынбасары, қалалық білім бөлімінің басшысы, сондай-ақ облыстық Білім және Ішкі саясат басқармаларының өкілдері педагогтермен кездесуге келген.

Айта кетейік, 1 қазанда бір топ мұғалім қала мәртебесі берілген Жетіген ауылында (қазіргі Алатау қаласы) жалақы 25 пайызға қысқарып қалғанын айтып, көшеге шыққан.