Жаңалықтар

«ЖАМБЫЛ - МЕНІҢ ЖАЙ АТЫМ, ХАЛЫҚ - МЕНІҢ ШЫН АТЫМ!» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ АҚЫНДАР АЙТЫСЫ ӨТТІ

«ЖАМБЫЛ - МЕНІҢ ЖАЙ АТЫМ, ХАЛЫҚ - МЕНІҢ ШЫН АТЫМ!» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ АҚЫНДАР АЙТЫСЫ ӨТТІ

Жамбыл облысы әкімдігінің қолдауымен облыс әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы Облыстық халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен Жамбыл Жабаевтың туған күні мен «Aq jol» газетінің 100 жылдығына орай «Жамбыл - менің жай атым, халық - менің шын атым!» атты республикалық ақындар айтысы өтті. Жас ұрпаққа Жамбыл шығармалары арқылы өлке тарихын, жер-суын, туған топырақтың қадір-қасиетін ұғындыру мен айтыс өнерін мәдениетіміздің баға жетпес асыл мұрасы ретінде халыққа жан-жақты насихаттап, оның дамуына қолдау көрсету мақсатында ұйымдастырылған ұлттық өнеріміз бұл күні де тартысқа толы әрі жоғары деңгейде өтті. Барлығы 18 ақын сынға түскен дода басталмас бұрын облыс әкімінің орынбасары Дәулет Кәрібек сөз сөйлеп жыр жүйріктеріне сәттілік тіледі. Кіл мықтылар бағын сынаған айтысты Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Дарын» сыйлығының, «Құрмет» орденінің иегері, ақын Аманжол Әлтаев жүргізді. Ал, әділ қазылардың Төрағасы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын Қайырбек Асанов болды. Сонымен қатар, «Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Ғалым Жайлыбай, ақын, журналист Жанарбек Әшімжан, айтыскер ақын Қазақстан Жазушылар Одағының және Журналистер Одағының мүшесі Бауыржан Халиолла, ҚР Мәдениет саласының үздігі, ақын Ахметжан Өзбеков және облыстық «Ақ жол» газетінің бас редакторы Оралхан Дәуіт дүлдүлдер додасына қазылық етті. Республикалық ақындар айтысы нәтижесі бойынша Бас жүлдені Батыс Қазақстан облысынан келген Бауыржан Ширмедин мен жамбылдық жыр жампозы Қанат Мырзахан бөлсті. I орынды Солтүстік Қазақстан облысының ақыны Жарқын Жұпархан жеңіп алса, жүлделі II орынды Шымкенттен келген Біржан Байтуов иеленді. Қарағандылық Айтбай Жұмағұлов, жерлесіміз Есет Досалы және Нұр-Сұлтандық ақын Мейірбек Сұлтанхан III орынға қол жеткізді. Қалған катысушыларға алғыс хат пен арнайы сый-сыйапаттар табысталды. Айта кету керек, шара соңында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев марпаттау салтанатына қатысып, бүгінгі жарыстың қос жеңімпазын өзі марапаттады! Ғалия АБЫЛАЙ Облыс әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының баспасөз хатшысы