Жаңалықтар

Жамбыл облыстық мәслихатының кезекті сессиясы: Маңызды мәселелер талқыланды

The final spritzer

Жиында аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы, құқықтық мәселелер мен жергілікті басқару жүйесіндегі өзгерістер қаралды

Жамбыл облыстық мәслихатының сегізінші шақырылымының кезекті жиырма екінші сессиясы өтті, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz

Күн тәртібіндегі басты мәселелердің бірі – жергілікті бюджеттің тиімді игерілуі және салық түсімдерін ұлғайту болды. Бұл бойынша Жамбыл облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров баяндама жасады.

Сессия барысында облыстық мәслихаттың экономика, жергілікті өзін-өзі басқару, әлеуметтік және құқықтық мәселелер жөніндегі тұрақты комиссиясының есебі тыңдалды. Сонымен қатар, 2025-2027 жылдарға арналған облыстық бюджетке өзгерістер енгізу және өңірдегі әлеуметтік маңызы бар қатынастар тізбесін айқындау туралы мәселелер қаралды.

Медициналық қызмет көрсету саласында да маңызды шешімдер қабылданды. Облыс азаматтарының жекелеген санаттарына амбулаториялық емдеу кезінде қосымша тегін медициналық көмек көрсету жайлы ұсыныстар қолдау тапты.

Облыстық мәслихат үй жануарларын ұстау және серуендету ережелерін бекіту мәселесін де талқылады. Сонымен қатар, құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында ведомствоаралық комиссияның жаңа құрамы бекітілді.

Сессияда Жамбыл облысы әкімдігі жанындағы бірқатар комиссиялардың құрамы жаңартылды.
 Атап айтқанда:
Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия

Кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау комиссиясы

Өнеркәсіптік даму жөніндегі үйлестіру кеңесі

Терроризмге қарсы комиссия

Сессия отырысында бірқатар халық қалаулылары жұршылықты алаңдатқан мәселелерді алға тартты. Өз кезегінде облыс әкімі Ербол Қарашөкеев халық қалаулыларына көтерілген мәселелер бойынша тиісті жауаптарын берді.