Жаңалықтар

Жамбыл облысы ЖЭК қуаты бойынша республикада көш бастап тұр

Қазіргі таңда аймақта қуаты 551,3 МВт құрайтын 22 ЖЭК жұмыс істейді

Жамбыл облысында 2028 жылға қарай жаңартылатын энергия көздерінің (ЖЭК) саны 25 нысанға жетіп, қуаты 2,5 ГВт құрайтын болады деп жоспарланып отыр. Бұл туралы облыс әкімдігінің ресми сайтында жарияланған деп хабарлайды Jambylinfo.kz. 

Әкімдіктің мәліметіне сүйенсек, қазіргі таңда өңірде қуаты 551,3 МВт құрайтын 22 ЖЭК жұмыс істейді. Оның ішінде, 6 су электр станциясы (24,4 МВт), 10 жел электр станциясы (275,6 МВт), 6 күн электр станциясы (251,2 МВт) бар.

Өткен жылы 4 348,6 млн. кВт/сағ. электр энергиясы өндірілсе, биыл 4 560,8 млн.кВт/сағ. электр энергиясын өндіру жоспарланған.

Өңірде ЖЭК дамытуға мүмкіндік мол. Күн, жел және су электр станциясын салуға барлық жағдай қарастырылған. Облыс әкімдігі осы бағыттағы инвестициялық жобаларға басымдық беріп отыр.

Айта кетейік, Жамбыл облысы ЖЭК қуатымен республикада көш бастаса, нысандар саны бойынша екінші орында тұр.