Жаңалықтар

Жамбыл облысында білімді интернационалдандыру сәтті жүзеге асып жатыр

Бүгінде бұл тәжірбие өңірдегі екі жоғарғы оқу орнында іске асырылуда

Мемлекет басшысының 2024 жылғы 2 қыркүйектегі халыққа Жолдауында айтылған тапсырманы іске асыру аясында 2024 жылы М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің базасында Д.И.Менделеев атындағы Ресей химиялық-технологиялық университетінің (РХТУ) филиалы ресми түрде жұмысын бастады, деп хабарлайды Jambylinfo.kz.

Бұл Қазақстанның химия саласы үшін жоғары білікті мамандар даярлауға және халықаралық білім беруді дамытуға қосқан маңызды үлес болып табылады. 
Жоба елдің білім беру стандарттарын жақсартуға және әлемдік білім беру қауымдастығына интеграциялануға бағытталған ауқымды бағдарлама шеңберінде жүзеге асырылуда.

2023 жылы Дулати университеті, РХТУ және «Казфосфат» ЖШС арасында үш жақты келісімге қол қойылып, «2+1+1» қос дипломды бірегей білім беру бағдарламасының негізін қалады.
Мұнда студенттер екі жыл Дулатиде, үшінші курсты РХТУ-де (Мәскеу қаласы) оқиды, соңғы кезеңді «Қазфосфат» ЖШС өндірісінде аяқтайды.

Қазіргі кезде университетте химия өнеркәсібі және аналитикалық химия сияқты екі дипломды бағдарламалар бойынша 30 студент білім алуда.
«Казфосфат» ЖШС қолдауымен университет соңғы үлгідегі техникамен жабдықталған зертханалар құрылып, студенттерге ғылыми зерттеулер мен өндірістік объектілерде тәжірибелік жұмыс жүргізуге мүмкіндік беруде. 

«Менделеев сыныптары» жобасы басталып, Тараз қаласының 100-ден астам оқушысы химия саласының болашақ мамандарын дайындауға бағытталған тереңдетілген білім алуда.

Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінде (ХТУ)     IT-технологиялар мамандарын даярлау мақсатында Ч.Храбрый атындағы Варна еркін университетімен (Болгария) бірлескен «Computer science» білім беру бағдарламасы оқытылуда. Бағдарлама түлектеріне ХТУ  дипломы және Варна еркін университетінің дипломы беріледі.
Сонымен бірге, университетте ІТ Академия ашылып, Huawei ІСТ Академиясымен және Cisco желілік Академиясымен серіктестік орнатқан. Серіктестік негізінде студенттер осы әлемдік компанияларда оқуға және сертификаттаудан өтуге мүмкіндік алды.

Сондай-ақ студенттер «Робототехника», «The IT Crowd» ғылыми үйірмелеріне қатысып, білімдерін шыңдауда.