Жамбыл облысында буллингтің алдын алуға бағытталған ақпараттық жүйе жұмыс істейді
Жамбыл облысында білім беру саласына биылғы жылы 320,2 миллиард теңге бөлінген. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 14,4 пайызға өскен.
Бүгінгі таңда облыста 586 мектепке дейінгі ұйымдарда 62687 бала тәрбиеленіп жатыр. Ал, 506 орта білім беру ұйымдарында 248 мыңнан аса оқушы білім алуда. Облыс кәмелетке толмағандар арасында буллингтің алдын алуға бағытталған «Komek Stop Bullying» ақпараттық жүйесін жаңа оқу жылынан бастап облыс мектептеріне пилоттық жоба ретінде енгізген, деп хабарлайды jambylinfo.kz.
Көпбалалы және аз қамтылған отбасы балаларын ыстық тамақпен, киім-кешек, жазғы с ауықтырумен қамт амасыз етуге жалпыға міндетті білім беру қорынан 6,1 миллиард теңге бөлінген. 2023 жылдың 1 қыркүйегінен бастап, барлық бастауыш сынып оқушылары бір мезгіл ыстық тамақпен қамтылуда. Оған облыстық бюджеттен 2,5 миллиард теңге бөлінген.
Жасөспірімдерге қатысты аталған мәселелердің алдын алу мақсатында бірінші тоқсанда облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметінің мәліметінше, бала тәрбиесіне немқұрайлы қарайтын 92 қолайсыз отбасы тіркелген. Сондай-ақ, қылмыс пен құқықбұзушылық жасаған 185 кәмелетке толмағандар полицияның есебіне алынған.
Айта кету керек, балалардың құқықтарын қорғау – мемлекет саясатының басты бағытының бірі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жуырда әйелдердің құқықтарын қорғауға, балалар қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, сонымен қатар, отбасы институтын нығайтуға бағытталған заңға қол қойды. Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында буллингке қарсы бағдарламалар әзірлеуді тапсырып, жалпы балалар қауіпсіздігін басты назарда ұстау керек екенін айтқан еді.