Жаңалықтар

Жамбыл облысында ірі цемент зауытының өндірістік желісі іске қосылды

Қордай ауданында цемент өндіретін ірі кәсіпорынның клинкер өндіру желісі өз жұмысын бастады

Өндіріс ошағын іске қосу рәсіміне Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев, «Korcem» зауытының басшылық құрамы мен қызметкерлері, құрылыс жұмыстарын жүргізген компания өкілдері және аудан тұрғындары қатысты. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады деп жазады Jambylinfo.kz.

Аймақ басшысы жобаның өңір экономикасы үшін маңыздылығын айрықша атап өтті.

Айта кетейік, кәсіпорынның құрылысын сингапурлық «Alacem» компаниясы жүргізді. Жобаға 50 млрд.теңге инвестиция салынған. Бұл  кәсіпорын Орталық Азиядағы ең заманауи және қалдықсыз жұмыс істейтін бірегей жобалардың бірі.

Өндіріс ошағының жылына 1,5 млн.тонна цемент әзірлеуге қауқары бар. Бүгінде 400-ден астам тұрақты жұмыс орны құрылып отыр. Алдағы уақытта жұмыс күші екі есеге дейін артады деп күтілуде.

«Korcem» цемент зауыты келер жылы толық қуатына шығады деп жоспарлануда.

Бүгін іске қосылған өндірістік желіде тәулігіне 3 500 тонна клинкер (құрамында 90% цемент бар шикізат) әзірленеді.

«International Cement Group» ЖШС-нің басқарушы директоры Бенджамин Ченгтің айтуынша, аталған жобаға мемлекет тарапынан жан-жақты қолдаулар көрсетіліп келеді.

Айта кетейік, Жамбыл облысының инвестициялық қоржынында 3,4 трлн.теңгені құрайтын 80 жоба бар. Бұл жобаларды жүзеге асыру қосымша 4,1 мың жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.

Ағымдағы жылы 214 млрд.теңгеге 1 453 жұмыс орнын құра отырып, 35 инвестициялық жобаны жүзе асыру жоспарланған. Бүгінде құны 146,7 млрд.теңгені құрайтын 20 жоба іске қосылды. Нәтижесінде 674 азамат жұмыспен қамтылды.