Жамбыл облысында көкөніс өнімдерінің өндіріс көлемі 15 пайызға артты

0 23

Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов азық-түлік бағасын реттеу мәселелері бойынша кеңес өткізді.

Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының ақпаратына сүйенсек, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мақсатында тұрақтандыру қорын қалыптастыруға 1,5 млрд теңге, «айналым схемасын» іске асыруға 2,7 млрд. теңге қаралған.

Облыста 32 әлеуметтік дүкен болса, оның 16-сы Тараз қаласында, 16-сы аудан орталықтарында орналасқан. «Айналым схемасы» аясында олар ұн, күріш, жұмыртқа, сүт, май, картоп, пияз, сәбіз сияқты 9 түрлі тауармен тұрақты түрде қамтамасыз етілуде. Қалған әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің 10 түрі тұрақтандыру қорынан жеткізіледі немесе тікелей ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінен сатып алынады.

Тұрақтандыру қорында бүгінде 1094,8 тонна көлемінде азық-түлік қоры қалыптастырылған.

Ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, жол картасы мен даму жоспары аясында 2022 жылы 4,0 млрд. теңгеге азық-түлік өнімдерін сақтауға арналған 8 қойманың құрылысы жүруде.

Бүгінгі таңда 19,4 мың гектар алқаптан 616,6 мың тонна көкөніс өнімдері жиналған десек, өткен жылмен салыстырғанда көкөніс өндірісінің көлемі 15 пайызға артты.

«Алқаптан сөреге дейін» жобасы аясында облыстағы 213 дүкенге делдалдарсыз тікелей 8,5 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімі келіп түскен. Осыған қарамастан, аудандарда дүкендердегі азық-түлік өнімдері өз құнынан 2 есе қымбатқа сатылатыны туралы деректер тіркелуде.

– Аудан әкімдіктері әлі күнге шаруа қожалықтарымен, кәсіпкерлермен жұмысты жолға қоя алмай отыр. Бұдан тек делдалдар ғана ұтуда, олар жаппай сатып алып, дүкендерге 2 есе қымбатқа сатады. Азық-түлік бағасын тұрақтандыру бойынша тиімді жұмыс жүргізуге барлық мүмкіндік бар. Аудан, ауылдық округ әкімдері тиісті басқармамен бірлесе отырып, тек ұйымдастыру мәселелерін пысықтау керек, – деді Нұржан Нұржігітов.

Тараз қаласының әкімдігіне ауыл шаруашылығы басқармасымен бірлесіп, аудандардан қажетті ауыл шаруашылығы өнімдерін базарларға жеткізу, оның ішінде логистикалық мәселелерді шешу жұмыстарын ұйымдастыру тапсырылды. Сондай-ақ, апта сайынғы жәрмеңкелерден бөлек қалаға жақын маңдағы шаруа қожалықтарының қатысуымен тұрақты жәрмеңкелер өтеді. Облыс әкімі қоғамдық көліктер тоқтаусыз жұмыс істеуі үшін автобус тасымалдаушыларға алдын ала ескертуді талап етті.

Аймақ басшысы баға мәселесі бойынша арнайы комиссия құруды тапсырды, оның құрамына бәсекелестікті қорғау және дамыту департаменті, облыстық прокуратура, сауда департаменті өкілдері енеді.

Нұржан Нұржігітов әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бойынша 15 пайыздық сауда үстемеақы талабының сақталуын үздіксіз қадағалап отыруды міндеттеді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.