Жамбыл облысында мемлекеттік сатып алудағы жергілікті қамту үлесі 84 пайызды құрады
Жамбыл облысында мемлекеттік сатып алудағы жергілікті қамту үлесі 84 пайызды құрады
Б. Сапарбаев: Басында біз құрылыстағы жергілікті қамту үлесін 90 пайызға дейін жеткізуге келіскенбіз. Бұл міндеттеме орындалмады Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен кеңесте мемлекеттік сатып алулардағы, құрылыс-монтаж жұмыстарындағы және өнеркәсіп секторындағы жергілікті қамту үлесін арттыру мәселелері талқыланды. Еске сала кетейік, осы орайда Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жауапты тұлғаларға тиісті тапсырма жүктеген болатын. Облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Аспандияр Сейсебаевтың айтуынша, мемлекеттік сатып алулардағы жергілікті қамту үлесі 84 пайызды құрайды. Бұл көрсеткіш өнеркәсіптің «Қарапайым заттар экономикасына» қатысты алты бағыт бойынша 74 пайызды, құрылыс-монтаждау жұмыстарында 86 пайызды көрсеткен. Мемлекеттік сатып алу басқармасының басшысы Бақытжан Жүнісбеков мемлекеттік сатып алудағы негізгі міндеттер ретінде жергілікті қамту үлесін арттыру бойынша есептілік, өнім жеткізушілердің жергілікті қамтудың ең жоғары үлесіне деген мүдделілігі, сондай-ақ отандық өндірушілерді мемлекеттік қолдау болып табылатындығын тілге тиек етті. — Өткен жылдың басында біз құрылыстағы жергілікті қамту үлесін 90 пайызға дейін жеткізуге келіскенбіз. Бұл міндеттеме орындалмады. Басқарма басшылары тұрақты түрде тиісті орындарға хат жіберетіндерін айтады. Демек, одан кейін бұл ешкімді қызықтырмайды, жағдай қадағалаусыз қалады. Сондықтан, нәтиже жоқ. Өндірушілер негізінен Таразда орналасқан, бірақ олармен жергілікті қамтуды арттыру бойынша тиісті деңгейде жұмыс жүргізілмейді. Қалалық әкімдік, облыстық басқармалар және өңірлік кәсіпкерлер палатасы өзара тығыз байланыста жұмыс істеуі тиіс. Әзірге ондай жүйе байқалмайды, — деді облыс әкімі. Сондай-ақ, Бердібек Сапарбаев жергілікті қамтуда тауарлар ассортиментін кеңейту қажеттілігі туралы баса айтты. Сіздер тек қиыршық тас пен шағалды пайдалануға қанағаттанбай, жаңа тауарлар мен материалдар өндірісін жолға қоюға ұмтылу керексіздер, деді. Және жұмысына салғырт қараған жауапты мамандарға ескерту жасап, олқылықтардың орнын толтыру керектігін айтты. Нұрдаулет АСАН