Жаңалықтар

Жамбыл облысында соңғы 9 айда 373 есірткі қылмысы анықталды

Бұл жайлы Жамбыл облысының ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы айтты

Жамбыл облысында соңғы 9 айда заңсыз айналымнан 6 тоннадан астам түрлі есірткі заттары алынды деп хабарлайды Jambylinfo.kz

Есірткі заттарын еліміздің басқа аймақтарына әкететін 6 арнаның жолы кесіліп, 200 келіден астам қарасора есірткісі тәркіленді.
Аудан әкімдіктерімен және басқа да мүдделі қызметтермен бірлесіп, 1086 гектардан астам аумақтағы 1000 тонна жабайы қарасора жойылды.
Құрамында есірткі бар өсімдіктерді өсіруге арналған 2 фитозертхана анықталды.
Бір алаңдатарлық жағдай – синтетикалық есірткінің таралу дерегінің көбею жағдайы.
Синтетикалық препараттар - бұл басқа да әсері қатты есірткі заттарына қарағанда әлдеқайда үлкен қауіп төндіретін осы ғасырдың ауыр індеті. Бұл өсімдік тектес есірткілерді ығыстырып, есірткі нарығының жұмысын  қарқындатты.
Қарастырылып отырған кезеңде синтетикалық есірткінің заңсыз айналымына қатысты 18 қылмыс дерегі анықталып, заңсыз айналымнан 3 келіден астам синтетика тәркіленді.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде Алматы қаласынан біздің облысқа синтетикалық құралдарды жеткізетін 5 ірі арнаның жолы жабылып, 1 келіден астам синтетика тәркіленді. 
Мәселен, ағымдағы жылғы  қыркүйекте "Қарасора-2024" ЖПІШ аясында ЕҚҚІБ қызметкерлері Алматы қаласында синтетикалық есірткі өндіру бойынша есірткі зертханасын жойып, «Телеграмм» мессенджері арқылы Алматы қаласында синтетикалық есірткілерді өткізуді және оларды Астанаға, Жамбыл және Қостанай облыстарына тасымалдауды жүзеге асыратын қылмыстық топты әшкереледі.
Ағымдағы жылдың 9 айында профилактикалық топтың қызметкерлерімен орта білім беру мекемелері, колледждер мен жоғары оқу орындарының студенттері арасында 768 профилактикалық іс-шара(241 дәріс, 87 кездесу, 50 семинар, 63 дөңгелек үстел, 52 байқау, 68 спорттық іс-шара, 75 акция және 132 басқа да іс-шара) өткізіліп, онда есірткіге қарсы бейнероликтер мен слайдтар көрсетілді.

Жалпы жабайы өсетін қарасорамен күресудегі тиімді профилактикалық шараларының бірі шабу мен өртеу екені мәлім. Бұл бағыттағы шаралар да өз нәтижесін беруде. Мәселен, жуырда полиция қызметкерлері Тараз қаласындағы үйінің ауласында қарасора өсіріп, есірткі құралын сақтаған 45 жастағы азаматты ұстады. «Қарасора-2023» және «Дәрмек» жедел алдын алу іс-шараларын өткізу барысында үйдегі картон қораптан жалпы салмағы 36 грамм болатын «кептірілген марихуана» есірткі заты, ал бақшадағы егілген жүгерінің арасынан жалпы салмағы 36,1 келі болатын 125 қарасора бұталары табылған. Ұсталған азамат кінәсін мойындап, үстінен Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 300-бабының 2-бөлігі, яғни «өсіруге тыйым салынған өсімдіктерді егу немесе қарасора сортын, көкнәр немесе құрамында есірткі заттары бар басқа да өсімдіктердің сорттарын өсіру» бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталған. Бұл бап үш жылдан сегіз жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны көздейді.
Бұдан бөлек, аймақта мүдделі органдармен бірлесіп, 38,7 гектар аумақтан 33 тонна 662 келі жабайы қарасора өсімдігі өртелген.

Сондай-ақ полиция қызметкерлері жедел профилактикалық іс-шара барысында 12 дәріхананы, 1 емдеу мекемесін тексерді. Рейдтік іс-шаралардың қорытындысы бойынша, 2 күн ішінде ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексі 426-бабының 1-бөлігі бойынша 12 әкімшілік құқық бұзушылық анықталған. Олардың ішінде дәрілік заттар, медициналық мақсаттағы бұйымдар және медициналық техника айналымы саласындағы фармацевтикалық қызмет қағидаларын бұзу деректері бар. Заңсыз айналымнан 85 келіден астам «каннабис» және 138,5 грамм «кептірілген марихуана», 4,4 келі «күкірт қышқылы» прекурсоры және 0,70 грамм синтетикалық есірткі алынған.

Тараздық тәртіп сақшылары есірткі бизнесінің ғаламтор арқылы жүргізілуімен де жан-жақты күрес жүргізіп келеді. Өйткені соңғы жылдары есірткі нарығын синтетикалық есірткісі белсенді түрде әртүрлі топтармен интернет-ресурстар арқылы «өткізушілер», «операторлар» және тағы басқалардың қолымен таратылуда. Осылайша биылғы алғашқы жартыжылдықта интернет-ресурстарға мониторинг және талдау жүргізу барысында есірткіні насихаттаумен айналысатын 62 аккаунт әшкереленіп, оларды бұғаттау үшін Ақпарат және әлеуметтік даму министрлігіне ұсыныс жолданған.
Полиция қызметкерлері жүргізген жоспарлы шараларының аясында жуырда интернет арқылы ірі көлемдегі синтетикалық есірткі тасымалын ұйымдастырған қылмыстық топ қолға түсті. Атап айтар болсақ, полиция қызметкерлері синтетикалық есірткіні жеткізу арнасының жолын кесуге бағытталған жедел іздестіру іс-шаралар кешенін өткізген. Екі айға созылған есірткі сатушылардың әрекетін жою бойынша арнайы операция аясында синтетикалық есірткі заттарын сатуды, тыйым салынған заттарды жарнамалауды жүзеге асырған 4 адам анықталды. Олардың бірі 26 жастағы Тараз тұрғыны Алматыдан Таразға есірткі жеткізу арнасын ұйымдастырған. Ал 22 жастағы азамат «Telegram» арнасының әкімшісі болып қызмет еткен және есірткі саудасы желісіне «жұмысшылар» жалдаумен айналысқан. Сонымен қатар ол Атырау, Астана және Алматы қалаларына «синтетика» өткізу арнасын ұйымдастырған. Қылмыстық әрекетке 19 жастағы және 23 жастағы тұрғындардың да қатысы бар екені белгілі болды. Оқиға орнынан Жамбыл облысының аумағында синтетикалық есірткілерді өткізу және таратуға қатысты хабарламалар жазылған ұялы телефондар тәркіленді. Сондай-ақ сараптама нәтижелеріне сәйкес, жалпы салмағы 608,17 грамм «мефедрон» есірткі заты алынды. Ұсталған азаматтардың мүлкі тәркіленіп, он жылдан он бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Осындай жағдайларға қарамастан тыйым салынған заттарды таратушылардың әрекеті тоқтар емес. Тіпті айласына құрық бойламай отыр. Күрес күшейген сайын олар да түрлі қитұрқы әрекеттерге барып, өз «өнімін» жарнамалаудың сан жолдарын табуда. Соның бірі – шаһардағы ғимараттардың қабырғаларына өздерінің интернеттегі мекенжайларын жазып қалдыруы болып отыр. Осы орайда қалалық полиция басқармасы жаптаған жазбаларды жоюды да қолға алған. Осылайша Тараз қаласы әкімдігі тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық бөлімінің «Жасыл ел-Тараз» мекемесі, қалалық жастар ресурстық орталығы және еріктілермен бірлесе 120-дан астам граффити жазуы боялған. Ал жуырда «Тараз – қауіпсіз қала» жобасы аясында «Есірткісіз болашақ!» акциясы өткізілді. Акция барысында жастар мен волонтерлар тұрғын үйлердің қабырғаларындағы есірткі құралдарын жарнамалайтын сайттардың сілтемелерін анықтап, 37 граффити жазуын өшірген. Сонымен қатар «Қазпошта» АҚ-мен өзара іс-қимыл аясында пошта ғимараттарын тексеру үшін кинология орталығының иттерін қолдана отырып, 42 рейдтік іс-шара өткізілген.