Жамбыл облысында әйелінің машинасын өртеген ер адам ұсталды
Айыпталушы өз кінәсін толық мойындады.
Жамбыл аудандық сотында бөтен мүлікті қасақана өртеп жою фактісі бойынша ер адамға қатысты қылмыстық іс қаралды, деп хабарлады Jambylinfo.kz turkystan.kz cілтеме жасап.
Соттың анықтауынша, азамат А. мен оның азаматтық некедегі жары И. 4 миллион теңге тұратын BMW 530i маркалы автокөлікті 800 мың теңге бастапқы жарнамен несиеге сатып алған. Жәбірленуші И.-нің жүргізуші куәлігі болмағандықтан, ол автокөлікті уақытша өзінің азаматтық жұбайы А.-ның сақтандыру полисіне тіркетіп берген.
2025 жылдың наурыз айының соңында ерлі-зайыптылар арасында жанжал туындап, соның салдарынан А. ашуға мініп, көлікті әдейі жою ойына келген. Ол жанармай бекетінен 5 литр бензин сатып алып, көлікті далаға айдап шығып, бензинді алдымен автокөліктің ішіне, кейін қозғалтқыш бөліктеріне құйып, өртеп жіберген.
Нәтижесінде жәбірленуші И.-ге 4,4 миллион теңге көлемінде ірі материалдық шығын келген. Сотта жиналған дәлелдер, жәбірленушінің жауабы, сараптама қорытындылары мен заттай айғақтар арқылы айыпталушының кінәсі толық дәлелденді.
Прокурор А.-ға 4 жыл 6 ай мерзімге бостандығын шектеу жазасын тағайындауды сұрады.